Төтенше жағдай кезінде кредитке айыппұл мен өсімақы есептеуге тыйым салынады

Фото pixabay.com сайтынан алынды

Қазақстанда төтенше жағдай кезінде кредит бойынша өсімақы пен айыппұл есептеуге тыйым салынды. Бұл туралы үкімет отырысында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мадина Әбілқасымова мәлімдеді, деп жазады Sputnik Қазақстан.

Оның айтуынша, халық пен бизнесті қолдау үшін 11 қаңтарда агенттік төтенше жағдай енгізілуіне байланысты зардап шеккен жеке және заңды тұлғалардың кредиттері бойынша төлем күнін шегеру туралы бұйрық қабылдады.

«Төтенше жағдай кезінде кредит төлемі кешіктірілген жағдайда айыппұл мен өсімақы белгілеуге тыйым салынып, кінәрат-талап ету жұмыстары тоқтатылды», — деді Әбілқасымова.

Қаржы саласын реттеуші ведомство басшысы Қазақстанның банк секторындағы жағдай тұрақты екенін, үздіксіз жұмысты қамтамасыз ету және халық пен бизнеске банк қызметтерін толық көлемде көрсету үшін банктердің өз капиталының қоры мен өтімділігі жеткілікті екенін айтты.

«Банк капиталдарының жеткіліктілігі талап етілген ең төменгі деңгейден кемінде үш есе жоғары. Өтімділігі де тұрақтандырушы мәннен төрт есе артық», — деді Мадина Әбілқасымова.

6 қаңтарда бүкіл Қазақстанда төтенше жағдай режимі енгізілді. Ол сәрсенбі, 19 қаңтарға дейін созылады.

Оқи отырыңыз:

Біздің әлеуметтік желілердегі парақшаларымызға жазылыңыз:

Telegram, Instagram, Twitter, Facebook 

Сондай-ақ біздің Facebook –тегі тобымызға қосылыңыз