Тапсырма түбі – нәтиже

Ағымдағы жылдың алты айында Жамбыл облысында экономиканың барлық салаларында оң динамика қалыптасқан. Оған Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арналған Жолдауындағы тапсырмаларды өңірде тиімді іске асырудың нәтижесінде қол жетіп отыр. Бұл туралы облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен облыстық әкімдіктің кеңейтілген мәжілісінде жан-жақты айтылды. Жиында бірқатар басқарма басшылары мен аудан әкімдеріне өз міндеттерін тиісті деңгейде атқара алмай отырғаны үшін сын ескертпелер айтылды, деп хабарлайды MediaWorld.kz тілшісі.

Облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова осы жылдың 6 ай ішіндегі өңірдің даму көрсеткішін баяндады. Ол айтқан мәліметке сүйенсек, ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында облыстың жалпы өңірлік өнімі 463,1 миллиард теңгені құрап, көрсеткіш 5 пайызға ұлғайған. Жалпы жоспар 103 пайызды құрапты. Алайда, бөрікті аспанға лақтыруға болмас. Себебі түйіні шешілмеген мәселелер де шаш етектен. Облыстың бас экономисті келтірген тағы бір мәліметке көз жүгіртсек, кейбір олқылықтардың орнын толтыруға тура келеді. Ол баяндама барысында: «Металлургия химия өнеркәсібінде өндіріс көлемі төмендеді. Өңдеу өнеркәсібінің негізгі капиталына 33,3 миллиард инвестиция салынғанымен нәтиже 11,2 пайызға аз. І тоқсанда еңбек өнімділігі 19,4 пайызға кеміген. Экпсорт көлемі де 11,5 пайызға төмендеді», – дейді.

Тиісті қаржыны қажетті деңгейде игере алмай отырған салалық басқармалар мен аудандар да бар. Аталған кемшіліктерді облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеров өз баяндамасында мәлім етті.

Осы жылдың 6 айлық қорытындысы бойынша облыстың өнеркәсіп кәсіпорындары арқылы құны 390,7 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, 2021 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 108,1 пайызға жеткен. Алайда, Жуалы, Т.Рысқұлов және Мойынқұм аудандарының мүмкіндіктері бола тұра межені тиісті 100 пайыз деңгейіне жеткізе алмаған, – деді Нұржан Сәбитұлы.

Нақтылы атап өтсек, Тұрар Рысқұлов ауданы шағын кәсіпорындар өнім көлемін тым төмендетіп жіберген. Ал Жуалы ауданында осы уақытқа дейін жоғары деңгейде өнім шығарған «Бурное сүт өңдеу» зауытында сүт өндірісі 12,7 пайызға, ірімшік пен сүзбе өндірісі 36,8 пайызға азайған. Сондай-ақ Мойынқұм ауданында цемент өндірісі 5,4 пайызға кеміген.

Алты ай қорытындысына зер салған облыс әкімі аталған аудан әкімдерінен жауап алды. Аймақ басшысы жыл қорытындысына әлі 5 ай қалғанымен, уақыттың зымырып өтіп жатқанын алға тартты.

Айтылған жауаптың бәрі жалпылама. 120 пайыз нақты индустрия көлемін орындаймыз деп отырмыз. Соның ішінде 8 индикатор орындалмайды деген қауіп бар. Неге басқармалар тарапынан аудандармен жұйелі жұмыс жоқ? Аудандар мен басқармалар өзара тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуі керек. Әзірге ол байқалмайды. Орталық атқарушы органдармен де жүйелі байланыс орнату маңызды. Жылдың қорытындысымен барлық индикаторлар орындалуы тиіс. Ешқандай сылтау қабылданбайды. Әзірге алдын-ала екертіледі. Өңірдің әлеуетін толық пайдалана білуіміз қажет, – деді Нұржан Молдиярұлы.

Сонымен қатар аймақ әлеуетін арттыруға соңғы алты айда капиталға салынған инвестициялар көлемі 489 миллиард теңгені құрапты. Бекітілген көрсеткішті толықтырған бюджет салымы, инвестициялық жобалар болып тұр. Бұдан кейінгісі мемлекеттік бағдарламалар арқылы бөлінген қаражаттың қайтарымы. Жалпы Жамбыл облысында 2022-2025 жылдары құны 2 триллион теңгеге 443 инвестициялық жобаның базасы қалыптастырылып, әр жоба бойынша іске асыру бағытында тиісті жұмыстар жүргізілуде. Нақтылай кететін болсақ, 2 061,5 миллиард теңгеге 51 ірі инвестициялық жоба іске асырылп, 8 366 адам жұмыспен қамтылмақ. Ал қалған 18,8 миллиард теңгенің 392 инвестициялық жобасы әлі де пысықтауды қажет етеді.

Алқалы басқосуда ауыл шаруашылығы басқармасының жұмысының сылбырлығы сөз болды. Облыс басшысы бұл жолы агросала жұмысына талдау қажеттігін ескерді. Себебі былтырғы жылмен салыстырғанда басқарма тарапынан өсім болғанымен қаржы дұрыс игерілмеген. Сосын жүйелі жұмыс жоқ екені айтылды. Мұндай сынға екі ай бұрын қызметке тағайындалған облыс әкімдігі жұмыспен амту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Келесов те ілінді.

Сізге ресми түрде ауызша ескерту беремін. 2 ай болды жұмыс жасап жатқаныңызға, еш нәтиже жоқ. Сіз осы салада аудан деңгейінде 6 жыл жұмыс істедіңіз. Жаңадан келді деп айтуға болмайды. Жұмысты бірден игеру қажет. Өкінішке қарай, аудандармен байланыс жоқ. Басқармадан жүйелі жұмыс көріп тұрған жоқпын, – деді Нұржан Нұржігітов.

Бұл облыс әкімінің салалық басқарманың жауаптыларына жасаған алғашқы сын ескертпесі. Енді одан нәтиже шығару ғана қалды. Тапсырма бақылауда болады. Өйткені мұндай жиын енді ай сайын жүйелі түрде өткізіледі. Ал тапсырма орындалмаған жағдайда, олқылыққа жол бергендерге түсініктеме мен тәртіптік жаза қолданылады. Аталған жиыннан ұққанымыз осы. Мұндайды қазақ «Тапсырма түбі – нәтиже» дейді.

Алқалы басқосуда санитарлық талаптардың қатаң сақталу шаралары мен індетке қарсы алдын алу жұмыстарының жайы да пысықталды.