Тараз қаласында көшелер мен су жүйелері жаңғыртылуда

Тотыдай таранған Тараз қаласының абатын қалпына келтіру бүгінде өзекті мәселе. Шаһарға еліміздің өзге өңірінен немесе шетелден келетін қонақтардың табаны тисе алдымен көшелерді көлікпен не жаяу бойлай жүріп, одан кейін қаладағы көрікті жерлерді аралап шығатыны белгілі. Мұндайда қала іші жасыл желекке жамылуы үшін алдымен саябақтар мен гүлзарларды ылғалдандыру үшін суландыру жүйесінде мін болмауы керек. Қазір облыстың бас шаһарында көшелердің жөнделіп, ирригациялық жүйенің қалпына келтірілуінің мәнісі осында деп ойлаймыз.

Негізінде Тараз қаласында көктемдегі жауын-шашын немесе күн жылт еткенде қасат қар еріп, одан пайда болған шалшық су жылжи ағып, арық-атыздарға құйылатыны белгілі. Әйтсе де көп жылдардан бері көміліп, алды бөгелген арық және латоктардағы ағын су мұндайда арнасынан тасып, салдарынан кейбір көшелерде кішігірім көлшік пайда болатын. Бұдан бөлек, жауын мол түскенде кейбір тұрғын алқаптарда жерасты суы көтеріліп кетіп, тұрғындардың амал жоқ тобықтан су кешуіне де тура келген кездер болған. Осы жайттар соңғы бір-екі жылда қоғамда мәселе ретінде оқтын-оқтын көтеріліп жүрді. Бұл негізінен Тараз қаласының ирригациялық жүйелері ескіріп, жарамсыз күйге түскенінен болып отырған жайт. Қала берді қаладағы саябақтар мен демалыс орындарының, көгалдардың жасыл желек жамылуының да ирригациялық жүйеге тікелей қатысы бар екені даусыз.

Бүгінде тозығы жетіп, тұйықталған ирригациялық жүйелерді жою мақсатында облыс орталығында бірқатар шаруалардың атқарылып жатқаны белгілі. Нақты айтқанда, шаһарға жаны ашитын билік басындағы азаматтар Тараз қаласының ирригациялық жүйелерін жетілдіру мақсатында шаһарды арнайы аралап, ирригациялық жүйелерінің бүгінгі әлеуетімен толық танысып, өзекті мәселе шешімін табуы үшін тиісті мамандарды қатыстыра отырып, бірқатар шаруаны жүзеге асыруды жоспарлаған. Нәтижесінде арнайы жұмысшы тобы да құрылып, Тараз қаласының ирригациялық жүйелерін жетілдіру және қаланың бас гидроинженері қызметін қайта қалпына келтіру жөнінде тиісті шаруаларды атқару алға міндет етіп қойылған-ды.

Жалпы Тараз қаласы аумағында ұзындығы 82,55 шақырымды құрайтын «Сеңкібай», «Қапал», «Үшбұлақ», «Қарасу-1», «Қарасу-2», «Төрегелді» «Базарбай», «Түйте» сынды бас-аяғы 8 канал бар болса, соның ішінде көп жылдан бері жөндеу жұмысы жүргізілмеген, тазартылмаған кейбір каналдарда қамыс қаулап өссе, тағы бірі қоқыстан көз ашпай қалған.

Бүгінде аталған каналдардың ішінде «Базарбай» каналы «ҚазСуШар» мекемесіне тиесілі болса, ал «Түйте» каналы «Түйте суы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің теңгерімінде екен. Өткен жылдары «Түйте» каналына 6 текшеметр ағын су көршілес Қырғызстан Республикасы арқылы келіп құйылса, жол бойындағы суармалы егістіктерден шыққан ақаба мен жер асты сулары арқылы қала аумағына кіретін су көлемі 8 текшеметрге ұлғайған. Ал биылғы су көлемі өткен жылға қарағанда молырақ. Ендеше «Үшбұлақ», «Қапал» каналдары арқылы теңдей бөлініп, қаланы қақ жарып өтетін және өзге де каналдар мен 2 дренажды каналдағы ағын суды қала билігі тиімді пайдаланса, Тараз қаласы аз жылда гүлзар баққа айналатыны анық.

Қала аумағында болуы мүмкін тасқын суларды жинауға, бөлуге арналған су қоймаларының жоқтығы да өзінше бір мәселе. Осының ішінде бүгінде қолдан келетін шаруалардың шешілу жайын сөз етсек, 50 пайыз ескірген шаһардағы ирригациялық арналарды қалпына келтіру күн тәртібінде тұр.

Негізінде қалалық әкімдіктің жоспарына сәйкес, су жүйелерін жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен, яғни 2024 жылға дейін бітуі тиіс. Жалпы қала аумағында 2 дренаж және ұзындығы 164 шақырымды құрайтын арық жүйелерін жөндеу үшін осы жылы 200 миллион теңге қарастырылыпты. Оған 6 каналды тазалау жұмыстары жүргізілуде. Атап өтетін болсақ, «Қапал», «Төрегелді», «Қарасу 1», «Қарасу 2», «Үшбұлақ» және «Сеңкібай» каналдары қазір тазартылу үстінде. Мәселен «Қапал» каналын «Building LTD-2013» компаниясы тазалап жатыр. Қарбалас тірлікке бірнеше техникамен қатар, 15 жұмысшы тартылыпты. Тараз қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі Мұрат Кәрібаев:

«Қапал каналының ұзындығы 16 шақырым. Биыл 17 куб қоқыс шығарылды. Былай айтқанда 90-95 пайыз жұмыс бітті. Дәл осындай жұмыстар «Сенкібай» каналында іске асырылып жатыр. Ол жерде 15 мың 520 тонна қоқыс шығарылды. Шағын Қарасу аумағындағы «Қарасу 1» каналында да  атқарылып жатқан тазарту жұмыстарына осындағы тұрғындар куә. Олар ары-бері өткен сайын ризашылықтарын білдіруде. Өйткені, су арналарын ашу арқылы жақын маңайдағы жасыл желектерді суару, жеке үйде тұратын тұрғындардың бау бақшаларын сумен қамту қолжетімді бола түсті», – деді.

Жоғарыда аталып өткен су жүйесін жаңғырту барысы биылғы қыркүйек айында толық аяқталады деп күтілуде. Ал көне шаһардағы жол жөндеу жұмыстарын сөз етсек, 2 миллиард теңгеге 34 көше орташа, 2,4 миллиард теңгеге 4 көше яғни, Мәмбет батыр, Ташкент, Саңырақ батыр және Шостакович көшелері күрделі жөндеуден өткізілмек. Қазіргі ауа райының қолайлығына байланысты мердігер компаниялар екі мезгілмен тынымсыз жұмыс істеуде. Жыл жоспарындағы маңызды көшелердің қатарына Мәмбет батыр мен Ташкент көшесі жатады. Өйткені мұндағы тұрғындар бірнеше жылдан бері жол азабын тартқанын билікке базына ретінде айтып, бірнеше мәрте әкімдікке де бас сұққан, әлеуметтік желіге де жазған. Айта-айта сол мәселе биыл реті келіп, шемін тапты. Оның үстіне аталған көшелер орталықтағы шағынаудандар мен ірі сауда нүктелерін байланыстырады. Істің басы-қасында жүрген Мердігер «Araistroy GROUP» бүгінде Ташкент көшесінде құрылыс жұмыстарын бастап та кетті. Ұзындығы 4,49 шақырым болатын учаскені қайта жаңғырту жобасының құны 772 миллион теңгеден астам қаражатты құрайды екен.

– Қант зауыты орталығы, Заречный көшесінде орташа жөндеуді бастадық. Ұзындығы 2,2 шақырым 3 көпір мен қоса жол жиегіне қойылатын белгілері де бар. Бір айда осы нысан жұмысын толық бітіреміз деп отырмыз. Ескі технологияны қолдану арқылы көшеге ыстық асфальт құйып жатырмыз. Қалыңдығы 6 сантиметр. Ал ені көшеге байланысты 3,5 метрден бастап 5 метрге дейін жетеді, – дейді, аталған компанияның техникалық қадағалаушысы Сейдағбар Сұлтанов.

Дәл осындай жұмыстар бұрын мүлде жол салынбаған 70 көше мен бұрылыстарда да жүргізілуде. Қыста батпаққа батып, жазда шаңға әбден тұншыққан көше тұрғындары арманымыз орындалды деп қуануда.

– Бұл жерде тұрып жатқанымызға 3 жылдай болды. Біз келгенде асфальт болмаған. Енді төселді. Дегенмен 10 шақты күн болды, қайта жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Үй ішімізбен қуанып жатырмыз. Өйткені бұрын жол өте нашар еді. Бірнеше жылдан бері жөндеу көрмеген секілді. Балалардың аяқ киімінің соры. Енді осы жұмысты күн суымай аяқтаса, мердігерге де, билікке де айтар алғысымыз шексіз. Жұмысшыларға да рахмет! Таңертең жұмысқа кетіп бара жатсақ олар да таңмен таласа қимылдап, үйлеріне қас қарайғанда бір-ақ қайтады, – дейді Қапал көшесінің тұрғыны Мәрзия Алшынбекова.

Тағы бір қоса кететін мәлімет, көшелерді қалпына келтірумен қатар, облыс орталығындағы 45 жолды орташа жөндеу жоспарланған. Таңдалған көшелерге келетін болсақ, әкімдік сайтында «Естуші мемлекет» ашық ақпараттық порталы жұмыс істеп тұр. Сонда тұрғындар өз арыз-шағымдарын тастап, соның ішінен өзектілері, саны көп жағынан таңдалып алынады екен. Осылайша, қалалық әкімдік жұртты ашық бюджет арқылы атқарылып жатқан жұмыстардан хабардар етіп отырған сыңайлы. Халықпен санасу деген осы болса керек.