Тараздық кәсіпкерлер шу көтерді. Наразы жұрт өңірдегі ең ірі көтерме базарды іске қосуды талап етуде, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Екі ай карантинде жатып табысы тоқтаған олар сауда нысандарының жұмыс істеуіне рұқсат берілгені дұрыс деп санайды.
«Шымкенттік саудагерлердің саудасы қызып тұр, Ақтөбеде бүгін, ертең базар ашылады, ал бізде неге сауда нысандары іске қосылмады?», — дейді кәсіпкерлер.
Бұл сауалдың жауабын іздеген наразы топ бүгін облыс әкімдігі алдында бас қосты.
— Автобус жүрсін, базар ашылсын – әңгіменің тоқ етері.
Шулағандар өңірдегі ең ірі «Ауыл береке» базарының саудагерлері.
Жұрттың әкімдік алдына жиналып, айғайға басуы шенділерді әбден шошытты. Тіпті сабырға шақырауға келгендердің кейбірі сасқалақтағаны сонша, бетперде тағуды ұмытыпты.
— Мен ішкі саясат басқармасынанмын.
— Неге бетпердеңіз жоқ?
— Бетпердемді алып келші…
Кәсіпкерлер: «Екі ай үйде жұмыссыз отырып, ақшамыз таусылды», — дейді. Сондықтан шенділерден карантиндік қатаң тәртіпті сақтай отырып, сауда жасауға рұқсат беруін сұрап отыр.
Сәуле Мейірманова, саудагер:
— Шыдамымыз таусылып, осында келдік. Әкімдік, прокуратура, СЭС өкілдері келді. Біз соларға сұраныспен шығып тұрмыз, бізге базарды ашып берсін.
Базар басшысы бұл ретте өзінің дәрменсіз екенін айтуда. Ол бар жауапкершілікті әкімдікке ысырып қойды. Ал, облыс әкімі орынбасарының айтуынша, саудагерлердің жайы «екі күнде шешілуі мүмкін». Яғни, жұма күні аймақтық штаб отырысы өтпек. Сол кезде базардың іске қосылу-қосылмау тағдыры шешілетін көрінеді.
Нұржан Календиров, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары:
— Сонымен, болдық қой деймін. Бір-біріміздің уақытымызды алмайық. Жұма күні кездесеміз, бітті! Мен базарға келемін. Міне, екі өкілдеріңізді сайлап бердіңіздер. Солармен хабарласып отырамын.
Жағдай сол күйі өзгеріссіз қалуы да мүмкін. Себебі, бұған дейін де Халыққа қызмет көрсету орталықтары іске қосылады деп айтылып, артынша кейінге шегерілген. Шешімдердің табан асты өзгеруіне, өңірдегі эпидемилогиялық ахуалдың ушығуы себеп болса керек. Ал аймақта соңғы екі тәулікте 66 адамнан COVID-19 анықталған.
Фото: видеодан алынған кадр
Оқи отырыңыз:
- Болат Бақауов қызмет бабын туысының пайдасына жаратқан — сот
- ҰҚК арнайы операция өткізіп, бір-біріне қарсы екі қылмыстық топты құрықтады (фото, видео)
- Атырау өңірі кәсіпкерлері шығаратын өнім бойынша облыстар арасында көш бастап тұр
Біздің әлеуметтік желілердегі аккаунттарымызға жазылыңыз:
Telegram, Instagram, Twitter, Facebook
Сондай-ақ біздің Facebook –тегі тобымызға қосылыңыз