Тасмағамбетов Ұлттық музейге ерекше сый жасады: ол несімен құнды

402
Фото: instagram.com/nationalmuseumkz/

Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның Ресейдегі бұрынғы елшісі Иманғали Тасмағамбетов Ұлттық музейге құнды тарихи жәдігер – ер сыйлады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от ҚР ҰЛТТЫҚ МУЗЕЙІ (@nationalmuseumkz)

Ұлттық музей директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы Иманғали Тасмағамбетовке ерекше сый үшін алғыс айтты.

Sputnik Қазақстан Ұлттық музейден тарихи жәдігердің несімен құнды екенін анықтады.

Ер – атқа мінуге арналған ат әбзелдерінің негізгі элементі. Ал ер-тұрман, ер-тоқым – қажетті жабдықтардың жиынтық атауы.

Ердің белгілі бір өңірде таралған түрлерін қазақ руларының атауымен байланыстырады: «адай ері», арғын ері», «алтай ері», «дулат ері», «керей ері», үйсін ері».

Ал Тасмағамбетов Ұлттық музейге ел ішінде Адай ері деген атаумен белгілі ақбас ерін сыйға тартты.

«Құнды тарихи жәдігер Атырау, Маңғыстау өңіріне тән қолөнер дәстүрінде жасалған және уақыты жағынан ХVIII ғасырға тән», — деп хабарлады Ұлттық музейдің баспасөз қызметі.

Ақбас ері әдемі көмкерілген, алдыңғы және артқы бөлігі сүйекпен әшекейленген. Тасмағамбетов тарту еткен жәдігер жақсы сақталған, деп атап өтті музейден.

Адай руында ердің бұл түрі өте кең таралған. Қырынан қарағанда ер-тоқымның бейнесі жас қозыға ұқсайды. Кіші жүздің қозықұйрығын айтып, көрсетіп кеткен адамның бірі – академик, археолог, тарихшы Әлкей Марғұлан.

Материал ретінде ағаш, сүйек, металл, тері, күміс қолданылған, деді «Шежіре» көне жәдігерлерді зерттеу қауымдастығының төрағасы Сырым Хасенов.

«Техникалық, көркем безендірілуіне қарасақ, бұл ер Кіші жүз ханы Әбілқайыр ханның дәуірінде қолданылған болуы мүмкін. Ат әбзелі Атырау, Маңғыстау өңірлеріне тән қолөнер дәстүрінде жасалған, оны XVIII ғасырдың 50-60 жылдарына жатқызуға болады. Сол себепті бұл бұйымның тарихи құндылығы өте жоғары», — деді зерттеуші.

Еске сала кетсек, Қазақстанның батысы – Тасмағамбетовтің туған жері. Иманғали Нұрғалиұлы 1956 жылы 9  желтоқсанда Атырау облысы Махамбет ауданында дүниеге келген. Бірнеше кітаптың авторы, оның ішінде «Орталық Азия зергер-шеберлерінің бұйымдары» атты еңбегі бар.

Оқи отырыңыз: