Техника түгел болса, тірлігің түзеледі

«Ескіні жамасаң есің кетеді» дейді халық даналығы. Мұны сөз етіп отырғанымыздың өзіндік себебі бар. Өйткені Жамбыл облысының ауыл шаруашылығы саласында қолданылып жүрген техниканың барлығы жаңа емес, кейбірінің тіпті тозығы жеткен, деп жазады MediaWorld.kz тілшісі.

Мәселен асыраушы саланың пайдаланымында 12 мыңнан аса ауыл шаруашылығы техникасы бар болса, оның ішінде 4 564 трактордың мыңнан астамының пайдалану мерзіміне 10 жылдан асқан. Турасын айтқанда, 25 пайызының тозығы жеткен. Сондай-ақ 1 534 техника пайдаланылып жатқанына 10 жыл болған. Сол секілді аймақтағы 934 комбайнның да арасында ескі-құсқысы жетерлік. Ал ескі техниканың орнына жаңасын қолдану өте өзекті мәселе. Сол үшін де облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің тапсырмасымен жалпы ауыл шаруашылығы техникасын биыл 13 пайызға жаңарту көзделген. Биыл 103 комбайн алу жоспарланса, былтыр облыс шаруалары бар жоғы 19 жаңа комбайнға қол жеткізіпті.

Тегінде ауыл шаруашылығы саласының жұмысы техниканың көмегінсіз бітпейтіні белгілі. Мұндайда шаруалар «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы ұсынатын мүмкіндікті пайдаланып отырғанын айта кетуіміз керек. Аталған квазимемлекеттік сектордың негізгі миссиясы – жоғары сапалы және бәсекеге қабілетті лизингтік қызметтерді ұсына отырып, Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіп кешенін техникалық жарақтандыруға жәрдемдесу. Бұл қаржы ұйымының 2000 жылдан бастап облысқа салған инвестициясы – 25,6 миллиард теңге болса, оның ішінде ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңартуға – 19,2 миллиард теңге жұмсапты.

Жыл басынан бері 982 миллион теңгеге 106 бірлік техника сатып алуға қаржылық лизинг шарттары жасалған. Оның ішінде 4-еуі комбайн.

«ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры Жанар Исмайлова-Есжанова облыстағы белсенді қарыз алушылар саны – 471, оның барлығы да ауыл шаруашылығы өнімін өңдірушілер екенін айтады.

– Аймақта 2021 жылға арналған қаржыландыру көлемі бойынша үздік 5 көшбасшы ретінде Т.Рысқұлов (36 пайыз), Шу (17 пайыз), Қордай (13 пайыз), Мерке (8 пайыз) және Байзақ (7 пайыз) аудандары танылды. Биыл үздік бестікке Т.Рысқұлов (33 пайыз), Жуалы (15 пайыз), Шу (14 пайыз), Мерке (9 пайыз), Байзақ (8 пайыз) аудандары кірді. Бұл аудандар жабдықты қаржыландырудың жалпы көлемінің 79 пайызын игеріп отыр.

«ҚазАгроҚаржы» АҚ ауыл шаруашылығы, арнайы техникалар, көліктер мен жабдықтар лизингі (тек қолданыстағы жобалар шеңберінде жаңғырту үшін) бойынша қаржыландыру түрлерін ұсынады. Қаржыландырудың жеңілдетілген шарттары – жабдықты кепілсіз, комиссиялық төлемсіз, 1 жылға дейінгі жеңілдік кезеңімен және ұзақ мерзімді қаржыландырумен қамтамасыз ету, — дейді Жанар Исмайлова-Есжанова.

Пайыздық мөлшерлемені төмендету мүмкіндігіне қатысты – субсидиялау бағдарламасы аясында осы ұйымның сыйақы мөлшерлемесі мемлекет тарапынан субсидияланады. Сондай-ақ компания отандық өндірістегі ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуды жылына 6 пайыз (жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 6 пайыздан бастап) жеңілдікпен қаржыландыруды қарастырады.

— Аванстық төлем сомасы лизингтік актив құнының 15 пайызын құрайды, бұл ретте клиенттерге инвестициялық субсидиялар арқылы жабдық құнының 25 пайызға дейінгі мөлшерінде аванстық төлемді төлеу мүмкіндігі беріледі, – деді Жанар Шаймерденқызы.

Қазір несиелік-лизингтік қызметті жақсарту мақсатында «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру бойынша шаралар қабылдап жатқан көрінеді. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер үшін неғұрлым қолайлы және икемді шарттармен, сондай-ақ өтініштерді қараудың жеделдетілген рәсімдерімен арнайы қаржыландыру ұсыныстары жасалыпты.

Осы орайда өңірдегі диқандармен тілдесіп көрдік. Мәселен Т.Рысқұлов ауданында орналасқан «Мәлік» шаруа қожалығы лизингке 2 техника, яғни трактор және комбайн алған.

– Биыл біз шаруашылықтағы техникаларды жаңарту мәселесін біртіндеп болса да шешуге бекіндік. Өйткені біздің техникамыз әбден ескірген. Бұл орайда бізге көмек қолын созған «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның облыстық филиалына алғыс айтамын. Ол қаржылық ұйымның филиалы біздің «МТЗ-892.2» маркалы тракторы мен «Есіл 740» комбайнын тиімді шарттармен сатып алуға мүмкіндік жасады. Жаңа комбайнның көмегімен 1 100 гектар алқаптан бидай мен арпа жиналды. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығын одан әрі дамытуға мүмкіндік беретін субсидия және төмен пайыздық мөлшерлеме түрінде осындай көмек көрсетіп, бизнесті қолдағаны үшін Президент пен облыс басшылығына да айтар алғысым шексіз, – деді «Мәлік» шаруа қожалығы басшысы Жақан Елетаев.