Тергеудегі жігіттің өлімі бойынша үш лауазымды полицей қамалды

Фото pixabay.com сайтынан алынды

Шымкент қалалық Полиция департаменті ғимаратында тергеу кезінде көз жұмған жас жігіттің өлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Үш шенді қызметкер уақытша ұстау изоляторына қамалды, деп хабарлайды Экспресс К.

Бұл туралы жәбірленуші тараптың адвокаты Талғат Есімов мәлімдеді.

Шымкент қалалық ПД Криминалды басқармасының екі лауазымды офицері мен Қаратау аудандық ПБ бөлім бастығы қамалды. Әділдік орнауы керек! Меніңше енді Шымкент қалалық Полиция департаментінің бастығы отставкаға кетуі керек! — деп жазды адвокат Facebook парақшасында.

ЭК тілшісі адвокаттың өзімен байланысты. Оның айтуынша, Қылмыстық кодекстің 106-бабы 3-бөлігіне сәйкес (Өлімге әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған. Уақытша ұстау изоляторына қамалғандар: Шымкент қалалық Полиция департаментінің Криминалды басқармасы бастығының орынбасарлары — полиция полковнигі Уәлихан Жәнібеков және полиция подполковнигі Дәулет Әймешов. Үшіншісі Қаратау аудандық ПБ криминалды полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Исаев.

ЭК Шымкентте Полиция департаменті ғимаратында тергеу кезінде көз жұмған қостанайлық жігіт туралы бұған дейін жазды. Полицейлер марқұмның департаментке қымбат автокөлік ұрлығы бойынша күдікті ретінде жеткізілгенін айтты.

Қайтыс болған жігіттің әкесі ұлын полицейлер ұрып өлтірген деп отыр.

Мәйітті экспертизаға алып кірмей тұрып полицейлер көз жұмған жігіттің әкесіне ақша ұсынғаны белгілі болды.

Оқиға күні Нұрболат Жұмабаевтың қасында досы Сергей Петров та болған. Ол полицейлер ұрып-соғып, жасамаған қылмысты мойындатқысы келгенін айтты.

Марқұм бүгін Қостанай облысында жерленеді.

Автор: Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ

Оқи отырыңыз:

Біздің әлеуметтік желілердегі парақшаларымызға жазылыңыз:

Telegram, Instagram, Twitter, Facebook 

Сондай-ақ біздің Facebook –тегі тобымызға қосылыңыз