Тоқаев Алматыда автокөліктің капотына не жазды

45
Фото: Akorda.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы Hyundai Trans Kazakhstan зауытына барған кезде жаңа автокөліктің капотында естелік жазба қалдырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Мемлекет басшысы «Iске сәт! Ақ жол тілеймін!» деп жазды. Ол сондай-ақ қол қойып, сол күннің датасын көрсетті.

Фото: Astana Motors

«Астана Моторс» компаниясы президент қол қойған көлікті не істейтіндерін айтты.

«Ол тарих үшін сақталып, зауыт кеңсесінің көрсету залына қойылады», — деп хабарлады баспасөз қызметі.

Айта кетейік, кәсіпорында президентке автокөліктерді құрастыру процесі көрсетілген болатын. Ол 2020 жылдың 15 қазанында ашылады.

Кәсіпорын пайдалануға берілгеннен кейін оның қуаты бірінші кезеңде жылына 30 мың, екінші кезеңде 45 мыңға дейін машина жасауға жетеді. Инвестицияның жалпы көлемі – 28 миллиард теңгеден астам, оның 30% – компанияның өз қаражаты.

Hyundai Trans Kazakhstan кәсіпорны 700-ге жуық жұмыс орнын ашып, сабақтас салалардың дамуына серпін береді.

Инвесторлар келешекте автобөлшектер шығаратын зауыт салуды жоспарлап отыр. Осылайша компания отандық автокөлік өнеркәсібін дамыту жөніндегі көздеген мақсаттарына қол жеткізеді. Бұл отандық өндірістің 51% астамын қамтамасыз етеді.

Еске сала кетейік, жұмада Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Алматыға барды. Ол қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы филиалының, өнеркәсіптік кәсіпорындардың және көпфункционалды музыкалық орталықтың жұмысымен танысты.

Оқи отырыңыз: