Фото: Akorda.kz

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қордай ауданындағы оқиғаға байланысты ақпараттық қауіпсіздік мәселелері жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Жиынға ведомстволардың және құқық қорғау органдарының басшылары қатысты.

«Жамбыл облысы Қордай ауданында болған оқиғаға байланысты алдын алу және ақпараттық жұмыстар жөніндегі мәселелер қарастырылды», — деп жазды Ақорда.

Мемлекет басшысы құқық қорғау органдарына алдағы уақытта мұндай оқиғаларға жол бермеу үшін кешенді шаралар қабылдауды тапсырды.

Қазақстан президенті жалған ақпарат тарату және арандату сипатындағы кез келген әрекеттің жолын кесіп, ақпараттық кеңістіктегі жұмыстарды күшейтуді талап етті.

Қордайдағы қақтығыс

7 ақпанда Қордай ауданының Масанчи ауылында жаппай төбелес болып, оның соңы тәртіпсіздікке ұласқан. 8 ақпанда ауданда техногенді сипаттағы төтенше жағдай режимі жарияланды.

Зардап шеккен 176 адам медициналық көмекке жүгінген, 41-і ауруханаға жатқызылды. Он адам көз жұмды. 13 ақпанда екі күн бұрын Масанчи ауылында үйінді астынан бір адамның денесі табылғаны белгілі болды, оның 7 ақпандағы тәртіпсіздік салдарынан немесе басқа жағдайда қаза болғанын сараптама нәтижесі бойынша анықталады.

Қазіргі уақытта қылмыстық кодекстің 272-бабы (жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру және қатысу) мен 99-бабы (адам өлтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Қордайдағы оқиғадан кейін 25-тен астам қылмыстық іс қозғалды.

Мемлекет басшысының шешімімен бірқатар шенеунік пен полицей қызметінен кетті. Облыс әкімі ауысты. Қордайдағы жағдай президенттің тікелей бақылауында.

Оқи отырыңыз: