Әуе билеттерінің бағасы неге қымбат?

Фото pixabay.com сайтынан алынды

Ұшақ билетінің бағасы нарықпен реттеледі.

Бұл туралы Үкімет кулуарында Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев айтты, деп жазады inbusiness.kz.

Тілшілер комитет төрағасынан «Әуе билеттері бағасының қымбаттығы туралы шағымдар көп, бұған не дейсіз» деп сұрақ қойды.

«Біріншіден, бұл халықаралық тәжірибе. Билеттің деңгейі мемлекет тарапынан реттелмейді. Тек қана сұраныс бойынша қойылады. Оның бүкіл әлемде пайдаланатын тәжірибесіне сәйкес, сұраныс пен ұсыныстың орташа бағасымен қойылады. Демалыс күндері билет бағасы көтеріліп, аптаның ортасында төмендейді. Бірақ біздің ойымызша, билеттің құнын азайту үшін тек қана бәсекелестікті дамыту керек», — деді ол.

Талғат Ластаевтың сөзінше, қазіргі әуе билеттерінің тарифтері ұшу қауіпсіздігі талаптарына жауап береді.

«Себебі қауіпсіздік стандарттарына басымдық беріледі. Авиацияда қойылатын барлық талаптарды жабу тиісті шығындарды қажет етеді. (…) Біз әуе отыны өндірісінің тапшылығын сезініп отырмыз. Авиаотын әуе тасымалы құнының 30 пайызын құрайды. Осыған байланысты баға өзгеріп отырады, соның ішінде ұлғаю бағытына қарай екенін айта кеткен жөн», — деді Азаматтық авиация комитетінің төрағасы.