«Вейптерді сатуға тыйым салу қажет»: депутат үкіметке ұсыныс жасады

Фото pixabay.com сайтынан алынды

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин вейптерді сатуға толығымен тыйым салуды ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Депутаттың айтуынша, қазіргі кезде үкімет вейптер мәселесіне экономикалық тұрғыда қарап отыр. Оған салық салу және бюджетке кіріс түсіру жағы ғана ескеріледі. Болашақ ұрпақтың денсаулығына басымдық беру керек.

«Біз халықтың өмір сапасы мен денсаулығын көтеру мәселесін ысырып отырмыз. Бұрын сол электронды сигареттерді үлкен азаматтар қолданса, қазір жас балалар, әсіресе, мектеп жасындағы балалар жиі шегеді. Соны қызық көріп пайдаланады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өзі вейпингтің адам денсаулығына үлкен әсері бар екенін айтып отыр. Қазіргі зерттеулердің өзі көрсетіп отырғандай, вейпингтің салдарынан фиброз, мутагендік, онкологиялық аурулар, сондай-ақ, жас балалар созылмалы бронхы ауруларына шалдығады. Сондықтан біз салықты көтереміз, экономиканы жақсартамыз деп, оны ғана ойламауымыз қажет. Әлеуметтік жағын да ұмытпау керек», — деді Жаңбыршин.

Осы орайда депутатат АҚШ онкологиялық ауруларды зерттейтін қоғамның мәліметін келтірді. Оған сәйкес, электронды сигареттер адамды темекіге тәуелді қылады.

«Сондықтан бұл мәселені жан-жақты қарау керек, зерттеп, керек болса, тіпті, Қазақстанда вейптерді сатуға тыйым салу қажет. Ертең кішкене ақша жинаймыз деп, жастардың денсаулығына нұқсан келтіреміз. Медицина саласына үлкен салмақ түседі. Алдағы уақытта осы вейпинг мәселесіне нүкте қою қажет», — деп атап көрсетті Жаңбыршин.

Оқи отырыңыз: