Қырғызстанда жанармайдың арзандауы қыс маусымында ғана болатын уақытша құбылыс. Өйткені қыс аяғында жеңілдікпен сатып алынған қор сарқылады, деп жазады centralasian.org.
Қырғызстан мұнай трейдерлері қауымдастығының президенті Қанат Эшатов бензин биыл ақпан айында қымбаттауы мүмкін екенін мәлімдеді.
«Желтоқсанда Ресейдегі компаниялар бізге автокөлік отынының көтерме бағасына маусымдағы жеңілдік берді. Сол себепті біздің компаниялар бағаны түсірді. Бензин 3-4 сомға дейін арзандады. Бірақ бұл маусымда ғана болатын құбылыс. Қорларымыз екі айға ғана жетеді. Қараша-желтоқсандағы қор сатылып кетті. Ресейдегі компаниялар ақпанда жанармайды 10 пайызға қымбаттатады, одан соң баға сәл көтеріледі. Ресейде дизель бағасы түспеді. Өйткені Украинадағы жағдайға байланысты дизель тапшы болып тұр», — дейді Қанат Эшатов.
Қырғызстанмен жасалған үкіметаралық келісім-шартқа сәйкес, 2022 жылы 650 мың тонна бензин мен 550 мың тонна дизель елге құн салығынсыз жеткізілді. Биыл Қырғызстанға арналған квота 460 мың тонна бензин мен 480 мың тонна дизельге төмендеді.
2020 жылы қырғыз компаниялары Ресейдегі зауыттардан бензиннің бір тоннасын 350 долларға сатып алған. 2021 жылы 600 доллар, ал 2022 жылы 800 доллар болды.
2023 жылдың басында бензиннің бір тоннасы шамамен 400-500 доллар, дизель 1000 доллар шамасында сатылды.
Кейінгі екі жылда Қырғызстанда жанармай бағасы шамамен екі есеге көтерілді. Қырғызстан мұнай өнімдерінің 95 пайызын Ресейден импорттайды. Республика жылына 1,3-1,5 млн тонна жанармай тұтынады.