Қытайдан қашып келген қандастарға босқын мәртебесі берілді

30
Фото pixabay.com сайтынан алынды

Қытайдан қашып келген этникалық қазақтар – Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлына босқын мәртебесі берілді. Ақмола облыстық полиция департаментінің көші-қон қызметі олардың өтінішін ведомствоаралық комиссияның отырысында қарап шықты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

16 қазанда ведомствоаралық комиссияның отырысы өткен. Сол жерде Қытай Халық Республикасының азаматтары – 1989 жылы туған Қастер Мұсаханұлы мен 1994 жылы туған Мұрагер Әлімұлының босқын мәртебесін беру туралы өтініші қаралды. «Босқындар туралы» заңның 13-бабы бойынша оларға босқын мәртебесін беруге шешім қабылданды. Дәл осы заңға сәйкес, босқын мәртебесі бір жылға беріледі. Бірақ оның мерзімін ұзартып отыруға болады. Ол үшін бір ай қалғанда тағы өтініш жазу керек.

«Тексеріс кезінде Мұсаханұлы мен Әлімұлының Қазақстан Республикасының шекарасынан заңсыз өткені анықталды. ҚХР-дың ұлттық төлқұжаттары да болмаған. Ал «Халықтың көші-қоны туралы» заңның 49-бабы, 1-тармағына сәйкес, заңсыз келген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға, сондай-ақ, шыққан елінде қылмыс үшін қудаланып жүргендерге тұрақты тұру құқығы берілмейді. Ал Қазақстан азаматтығын алу үшін тұрақты тұру құқығы болуы шарт», — дейді облыстық департаменттің мамандары.

Босқын мәртебесін алған қандастарымыз тұрақты тұруға рұқсат алмаса да, медициналық көмек, еңбек пен кәсіпкерлік қызмет еркіндігі сияқты құқықтардан айырылмайды. Бұл – заңның талабы.

Айта кетейік, 2019 жылы қазан айында екі қандасымыз Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданынан қашып келген. Сол кезде оларды екі айға қамауға алды. Ал ұлттық қауіпсіздік комитеті екеуінің мемлекеттік шекараны қалай кесіп өткені үлкен күмән тудыратынын мәлімдеді. Құқық қорғаушылар олардың 2006 жылы мал ұрлығы үшін қазақ-қытай шекарасында ұсталғанын және қытай шекарашыларына берілгенін де айтқан еді.

Оқи отырыңыз: