1 шілдеден бастап зейнеткерлер зейнетақы жинағын тұрғын үй сатып алуға немесе емделуге жұмсай алады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ресми сайтында хабарлады, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Министрліктің мәліметінше, 2023 жылғы 1 шілдеден бастап Әлеуметтік кодекс аясында зейнеткерлерге еңбек сіңірген жылдары бойынша БЖЗҚ-да (Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры) жинақталған зейнетақы жинағын тұрғын үй жағдайларын жақсартуға немесе емделуге пайдалану құқығы беріледі.
«Осы жылдың 1 шілдесінен бастап зейнеткерлер еңбек сіңірген жылдары бойынша БЖЗҚ-да жинақталған қаражатты www.enpf-otbasy.kz интернет-платформасы арқылы тұрғын үй жағдайларын жақсартуға алу үшін «Отбасы банкі» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ға немесе екінші деңгейдегі банктерге жүгіне алады.
Біржолғы зейнетақы төлемдерін емделу мақсатында пайдалану үшін жоғарыда көрсетілген интернет-платформа арқылы тек «Отбасы банкі» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ға жүгіну қажет», — делінген хабарламада.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап БЖЗҚ азаматтарға зейнетақы жинағының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсарту немесе емделуге жұмсау сияқты әлеуметтік мақсаттарға пайдалану құқығы берілгенін еске салды.
Бұл құқықты мынадай санаттағы азаматтар пайдалана алады:
- БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар жұмыс істейтін азаматтар. Олар «төменгі жеткіліктілік шегінен» асатын соманың бір бөлігін пайдалана алады;
- зейнетақысы табыс сомасының (бұрын алған жалақысының) кемінде 40 пайызын құрайтын ресми түрде зейнетке шыққан зейнеткерлер. Олар БЖЗҚ-да қалған зейнетақы жинағы сомасының 50 пайызын пайдалана алады;
- өзіне зейнетақы аннуитетін ресімдеген және әлі де жинақтары бар азаматтар – БЖЗҚ-да қалған зейнетақы жинақтарының сомасы шегінде пайдалана алады.
Бұл норма жұмыс істейтін азаматтарға да, зейнеткерлерге де қатысты.
Автор: Рамазан Есмағамбетов