Жұртшылыққа үй салу үшін жер телімі үлестірілуде

Бүгінде қазақ елі азат, мемлекетіміз тәуелсіз әрі жас. Бекіген берік шекарамыз бар. Десе де азаттықтың ақ таңы атқалы да 30 жылдан асты. Кезінде ұлтымыз талай шайқас, түрлі ауыртпалық кезеңді бастан өткерді. Ата-бабамыздың білек күшінің арқасында бүгінде жер көлемі бойынша тоғызыншы орынға жайғасқан мемлекетпіз.

Ата Заңымызда әрбір ел азаматы 10 сотық жер телімін ала алады делінген. Көптен бері жылжымаған жер кезегі бүгінде ілбіп болса да ретімен тұрғындарға үлестіріле бастады. Бұл ретте Жамбыл облысында жыл басынан бері 5 айда барлығы 35 732 жер телімі үлестіріліпті. Оның ішінде қалалық елді мекенде 32 283 адам өзіне тиесілі жер телімін алып үлгерген. Тұрғын үйге арналған жер кімдерге үлестірілуде? Ал осыған қатысты халық пікірі қандай?

Жамбыл облысында биылға дейін 128 394 жер үлестірілсе, ағымдағы жылдың алты айдағы есебімен тағы 35 мыңнан аса тұрғын қуанышқа кенелді. Аудандарда ең көп таратылған жер телімі бойынша алғашқы үштікті Жамбыл, Т.Рысқұлов, Шу аудандары құрайды. Ал қалаға жақын орналасқан Байзақ ауданында 307 адам бүгінгі күні үйінің іргетасын қалап жатыр. Бақытқа бөленгендердің бірі аудан тумасы Малика Әбданбаева. Сонау 2014 жылы жолдасымен шаңырақ құрған олар 2015 жылы жер кезегіне тұрыпты. Бірнеше жыл бойы 5 балалы отбасы жалдамалы пәтерде тұрып келген екен. Бірақ көп созбай, арада 4 жыл өткен соң өздеріне тиесілі жер телімін алды. Өз қуанышымен бөліскен отанасы бүгінде өз үйінің түтінін түтетіп отыр. Жаңа көршілері де жер учаскесін өзі секілді кезекке тұрып алғандар.

– Басында қиын болды. Талай жыл жалдамалы пәтерде тұрдық. Кейін 10 сотық жер телімін алу мерзімі жеткенін естігенде қатты қуандық. Ала салысымен алғашқы айында-ақ іргетасын қаладық. Ол бір жыл тұрды. Қазір үйге толығымен кіріп алдық. Қалған сыртқы әрлеу жұмыстарын асықпай бітірерміз. Бастысы ішкі жұмыстар бітті, – деді ол.

Ал Жамбыл ауданы тұрғын үй салуға жер алу үшін кезекте тұрған азаматтарды жер телімдерімен қамтамасыз ету мақсатында 2021 жылы 6 елді мекенде (Бектөбе ауылы – 143 жер телімі; Айша бибі ауылы – 382 жер телімі; Бірлесу-Еңбек ауылы – 130 жер телімі; Қызылқайнар ауылы – 222 жер телімі; Тастөбе ауылы – 79 жер телімі; Бесжылдық ауылы – 97 жер телімі) тұрғындарға жер учаскесін үлестірген. Бұл ретте көш бастаған аудан биыл 1 811 жер иесіне меншігін табыстаған-ды. Сонымен қатар Аса ауылындағы жаңа тұрғын алқаптың электрқуатымен қамтамасыз ету нысаны жұмыстары толық аяқталған соң 811 жер телімін тұрғындарға тарату жоспарлануда.

Айша бибі ауылының тұрғыны Алтынбек Шамбаев та өз үйінің іргетасын көтеруге әне-міне кіріскелі отыр.

– 2009 жылы ауылда жұмыс істеп жүргенімде жерге кезекке тұрдым. Келесі жылы шаңырақ көтердім. Бүгінде 4 ұлымыз бар. Қазір үйімнің құжаттарын реттеп жатырмын. Біздің көшеге шамамен 30 пайыз тұрғын құрылыс жұмыстарын бастап кеткен екен. Жуырда мен де солардың қатарына қосыламын деп ниеттеніп отырмын, – дейді Айша бибілік А.Шамбаев.

Айта кеткен жөн, жер телімін алған азаматтар 3 жыл уақыттың ішінде ең болмаса үйінің іргетасын қалап қоюы тиіс. Себебі ол жерге үш жыл ішінде ешқандай тұрғын үй салынбаса, мемлекет өз меншігіне қайтарып алуы мүмкін. Электр желісі, көгілдір отын, ауыз суы, яғни инфрақұрылымы жүргізілген жаңа алқапта тұрғындар отауын тігіп, тым болмаса екі-үш бөлмелі баспана тұрғызып алса, ешкім дауласа алмайды.

2019-2022 жылдарға арналған жеке тұрғын үй құрылысына инженерлік инфрақұрылыммен қамтуда да жыл сайын өсім байқалады. Осы тұрғыда жалпы көлемі 589,4 гектар болатын 3 198 жер телімі дайындалған. 12 алқапқа әзірге 89,3 шақырым электр желісі, 113,5 шақырым су мен 59,3 шақырым газ құбыры тартылып үлгерген. Осы мақсатқа бюджеттен 3,6 миллиард теңге қарастырылған.

3 жылдық жоспар бойынша инфрақұрылым тартуға барлығы 23 жаңа алқапқа 13,7 миллиард бюджеттік инвестициялар салынып, нәтижесінде халыққа жеке тұрғын үй салуға 9 450 жер учаскесі берілген еді. Жамбыл облысы, жер қатынастары басқармасының жер есебі бөлім басшысы міндетін атқарушы Ботагөз Қуатбайқызы алда өз ретімен кезекте тұрған азаматтар қуанышқа кенелетінін айтады.

Еске салсақ, жоспардың алғашқы жылы, яғни 2019 жылы Байзақ ауданына қарасты Қостөбе ауылынан, Т.Рысқұлов ауданынадғы Арай тұрғын алқабынан жер телімдері үлестірілген. Осы жылы бюджеттен 3,6 миллиард теңге қаржы бөлінген, барлығы 12 алқаптан тағы да жер үлестіріледі. Демек жыл соңына дейін 3 198 адам өзіне тиесілі жер теліміне қол жеткізеді.

Алда біршама жылдан бері тоқымдай жерге зар болып, өзіне тиесілі жер телімін күтумен үйсіз жүрген көптеген отбасы көп ұзамай үй салуға қалтасы көтерсе, қоныс тойын тойлайды деген үмітіміз бар. Бастысы баяғыдай жұрт жер алып, құр отырмайды не өзгеге сатып жібере алмайды. Жерге шын мұқтаждар үшін бұл да бір әділеттіліктің айғағы.