Жаңа оқу жылына дайындық қалай?

Жаз маусым да аяқталуға таяу. Енді бірер аптада жазғы демалысты алаңсыз өткізген оқушы біткен жер-жердегі білім ошақтарын бетке алатыны белгілі. Уақыт тым тығыз. Қазір Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы тарапынан жаңа оқу жылына дайындық қызу жүргізіліп жатыр. 2022-2023 жылғы оқу жылында Жамбыл облысындағы 447 мектепке 240 мың оқушы білім алуға келеді деп күтілуде. Дәл осы қыркүйектің бірі күні балалар игілігіне аймақта 6 мектеп пайдалануға берілмек. Ал бірінші сыныпқа жаңадан 22 мың бүлдіршін қабылданып, алғаш рет мектеп партасына отырады. Жалпы оқу жылына дайындық қалай? Бүгінде коронавирус инфекциясы қайта өршігені әмбеге аян. Сондықтан да бала оқыту ісі биыл өңірде дәстүрлі түрде өте ме, әлде онлайн түрде жүргізіле ме? Осы сауалдардың жауабын білу үшін біз Жамбыл облыстық білім басқармасының басшысы Бейқұт Жамангозовпен сұхбаттасқан едік.

– Бейқұт Тілебалдыұлы әне-міне дегенше жаңа оқу жылы да таяп қалды. Біз әңгімемізге бірден өзекті мәселелерді арқау етсек. Жалпы өңірде үш аусымды және апатты мектептер проблемасын шешу үшін қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– Аймақта сіз атап өткен мәселе жыл сайын өз ретімен шешімін тауып келеді. Бүгінде облыста 1 апатты білім беру мекемесі бар. Ол Шу ауданы, Шу қаласында орналасқан Ғ.Мұратбаев атындағы орта мектеп. Сонымен қатар шешімін күткен мәселелер қатарында балалары 3 аусымда оқытылатын 3 білім мекемесі мен орын тапшылығы бар 2 білім ошағы тұр. Ағымдағы жылы 15 мектеп құрылысына 6,8 миллиард теңге қаржы бөлінді. Биылғы оқу жылынан кешіктірмей 6 мектепті аяқтаймыз деп отырмыз. Бұдан бөлек 18 нысанда, оның ішінде 16 мектеп, 2 балабақшада күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Атқарылып жатқан жұмыстардың басым бөлігі ауылдық жердегі білім сапасын арттыруды көздейтін «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы арқылы жүргізілуде.

– Қазір көптің көкейінде «Биыл қыркүйекте оқушылар мектеп партасында отыра ма, әлде үйден оқытыла ма?» деген сауал жүр. Осыған не айтар едіңіз және оқушылар мектеп формасын сатып алғанда нені ескеруі керек?

– Мен қазір сабақ «дәстүрлі түрде оқытылады немесе қашықтан оқыту форматына көшеміз» деп шорт кесіп айта алмаймын. Өйткені жағдай күнде өзгеріп жатыр. Бірақ денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, әр облыстағы жағдайға байланысты аймақтың бас санитарлары жағдайға қарай сақтық шаралары үшін арнайы Қаулы шығарады. Әзірге бізге ешқандай нұсқама келген жоқ. Сондықтан жаңа маусымға соңғы пысықтау жұмыстарын жүргізудеміз. Бірақ көпшіліктің алаңдауына негіз жоқ. Өйткені біз санитарлық талаптарды сақтау талаптары бойынша біршама тәжірибе жинадық. Барлық мектептерде арнайы құрылғылар, медицина мамандары бөлінген. Үнемі жағдай бақыланып отырады. 

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының 5 бабының 14-1 тармақшасына (Білім беру саласындағы уәкілетті орган мынадай өкілеттіктерді орындайды: орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды әзірлейді және бекітеді;) және 49-бабының 2-7 тармақшасына (білім беру ұйымында белгіленген киім нысанын сақтау) сәйкес және білім беру саласындағы мемлекеттік саясат қағидаттарын сақтау мақсатында Жамбыл облысының барлық орта білім беру ұйымдарында 2022-2023 оқу жылдарында 1-сынып оқушылары үшін бірыңғай қою көк (темно-синий) түсті мектеп формасы ұсынылып отыр.

Бұл ата-аналарға форманы базардан да, сауда үйінен де сатып алуға ыңғайлы болмақ. Сонымен қатар, оқушы мектеп ауыстырған жағдайда да жаңа форма сатып алудың қажеттілігі болмайды. Яғни, ата-ананы бір өндірушіден сатып алуға міндеттемейді. Дегенмен, оқушылардың алдыңғы оқу жылында алынған мектеп формаларын (күрең қызыл, сұр және т.б.) тозғанша киюге рұқсат беріледі.

– Қазір бұрынғыдай кітап тапшылығы деген мәселе туындап жатқан жоқ. Әйтсе де өңірде техникалық құралдар жеткілікті ме? Өйткені қазіргідей дамыған заманда оқушылардың сабағын компьютер мен ноутбуксыз, интернет желісінсіз елестете алмайтынымыз шындық…

– Кітап жетпейді деген қағида қазір толық шешімін тапқан. Қай пәннен болмасын кітап қоры жеткілікті десем де болады. Су жаңа оқулықтар 15 тамызға дейін толық кітапханаларға таратылып беріледі. Техникамен қамтылу деңгейіне келетін болсам, біздің теңгерімде жалпы саны 51 771 дана компьютер бар. Бұл көрсеткішке шаққанда бір техникаға 4 оқушыдан келіп тұр. Интернет желісімен 444 мектеп түгелдей қамтамасыз етілген. Сыныптардың барлығы «Күнделік» ақпараттық жүйесіне қосылған. Биылғы жылға оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдарын сатып алу мен жаңарту үшін 2,9 миллиард теңге қаржы бөлінді.

– Негізінде балаға білім берілуімен қатар, олардың қауіпсіздігі де қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл сөзді ауызға алуымызға себеп жоқ емес. Қазір ата-ана баласын мектепке жібергенде жанын шүберекке түйіп отыратыны анық. Қоғам қауіп-қатерге толы деп айта алмаймыз, алайда балалар қауіпсіздігі қаншалықты қамтамасыз етілуде?

– Иә, сөзіңіздің жаны бар. Оқушылардың қауіпсіздігін сақтау білім беру мәселесінен де өзекті. Сондықтан мектептер мен балабақшаларда 100 пайыз бейнебақылау камералары орнатылды. Бүгінгі таңда аудан орталықтары мен Тараз қаласындағы барлық 103 мектеп камералары полициямен интеграцияланған. Сан бойынша түсінікті түрде жеткізсем, 9 мың 53 камера бар, оның 33,1 пайызы цифрлық. Бейнебақылау камераларының 3 250-і ғимараттың сыртында, 5 803-і мектеп ішінде орналасқан. Одан бөлек ішкі істер департаменті тарапынан әр мектепке бір жасөспірімдермен жұмыс жасайтын құқық қорғау қызметкері бөлінген. Десе де ата-ана баламыз қауіпсіз жерде деп босаңсымай, тек мектеп пен құқық қорғау органына иек артпай баласына жауапкершілікпен қарағаны дұрыс. Санасынан «бала үйден шықты, енді педагогтың бақылауында» деген ұғымды ысырып тастаулары шарт. Бала үнемі отбасылық бақылауынан тыс қалмауы тиіс.

– Өткен жылы да, осыдан бірнеше ай бұрын да білім беру мекемесінде 5 жылдан артық отырған директорларды ротациялау мәселесі көтерілген еді. Бұл бойынша облыс әкімі арнайы тапсырма да берген еді. Ол қаншалықты орындалуда?

– Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялауды жүргізу қағидаларына сәйкес бүгінгі күнге дейін бір елді мекен шегінде 7 жылдан аса қызмет етіп отырған 30 мектепке дейінгі ұйымның басшылары ротацияланды. Білім және ғылым министрінің 2021 жылғы №559 бұйрығына сәйкес 4 немесе жеті жылдан астам уақыт бір мекемеде жұмыс істеген басшылар басқа білім ошақтарына ауыстырылуда. Қоса кетейін, бұйрыққа сәйкес мәселен, бір ауылда бір ғана мектеп немесе балабақша болса, ол білім шаңырағының басшысы бұл жүйе бойынша өзгертілмейді. Осы айдың 8 мен 31 аралығында тек басшылыққа емес барлық педагогтарды қабылдау үшін конкурс өткізіліп жарияланған.

– «Бес саусақ бірдей емес». Оқушылардың да әлеуеті әрқалай. Көпбалалы немесе әлеуметтік аз қамтылған отбасының ұл-қыздарына қандай мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілуде?

– Осы жылы жалпыға бірдей міндетті білім қоры есебінен аз қамсыздандырылған және көпбалалы отбасынан шыққан 47 601 оқушыға әлеуметтік қолдау көрсету үшін 4 миллиард 777 миллион 226 мың теңге бөлінді. Бұл қаражатқа жоғарыдағы аталған санаттағы оқушыларды ыстық тамақпен қамтуға және әр балаға 32 500 теңгеге мектеп формасын алуға бөлінді. Осы мемлекет қолдауымен аталған қаражат есебінен 29 440 оқушы мектеп жанындағы жазғы сауықтыру демалысымен қамтамасыз етілді. Ал 5 875 оқушы қала сыртындағы демалыс легерлеріне жіберілді. Бұл да балаларды қолдаудың маңызды әрі ауқымды түрі. Сондай-ақ 1 тамыздан бастап «Бар мейірім балаларға» тақырыбында мектепке жол акциясы бастау алғанын атап өткім келеді. Жергілікті кәсіпкерлерді тарта отырып, іріктелген тізім арқылы оқушыларға қажетті құрал-жабдықтар, формалар сыйға берілуде.

– Қоғамда бұдан басқада ерекше балалар бар. Олардың толыққанды мектеп бағдарламасына ілесе алуы ұстаздар қауымына байланысты. Осы тұрғыдан алғанда қазір нендей шаруалар атқарылуда?

– Өңірде ерекше білім алуды қажет ететін 7 898 бала бар. Ағымдағы жылы 4 мың 10 (50,7%) балаға арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетіліп, межеленген көрсеткіш тиісті деңгейде орындалды. Аймақта «Дара», «Қамқорлық», «Болашақ» секілді республикалық қайырымдылық қорларымен бірлескен жұмыстар жүргізілуде. 5 ресурстық орталық және инклюзивті қолдау кабинеттері және «Асыл Мирас» аутизм орталығы ашылып, материалдық-техникалық базасы жабдықталды. Қажеттілікке орай бұл орталықтың жұмысын кеңейтуді ойластырудамыз. Қазіргі таңда қосымша ғимарат салу үшін жобалық сметалық құжаттамаларын әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Тағы да жақсы жаңалығымыз бар. Жыл соңына дейін өңірде 2 инклюзивті қолдау кабинеттері ел игілігіне берілмекші. Ол жерге «Қазақстан халқына» Қоғамдық қорының қолдауымен арнайы білім беру ұйымдарына жиһаздар, құрал-жабдықтар алуды жоспарлап отырмыз. Жыл жоспарына сәйкес психологиялық, медициналық-педагогикалық консультацияларына демеушілердің көмегімен 150 миллион теңгеге қажетті құрал-жабдықтар сатып алынды. Соның арқасында материалдық-техникалық база нығайтылып, қызметтік 5 автокөлік алынады.

– Орта білім беру мәселесін шама-шарқымызша қозғадық деп ойлаймын. Аймақта кәсіптік білім беру ісіне қаншалықты көңіл бөлінуде?

– Жастарға техникалық және кәсіптік білім беру бүгінгі күннің талабы болса керек. Президенттің өзі әрбір Жолдауында студенттердің гуманитарлық бағытта ғана мамандық меңгеріп қана қоймай, техникалық бағытқа көптеп көңіл бөлу қажеттілігін айтқан еді. Ол үшін біздің мүмкіндігіміз жастар қызығып келетіндей болуы шарт. Жамбыл облысында жалпы 44 колледж бар, онда 23 618 студент білім алып жатса, 11 784-і мемлекеттік білім гранты аясында оқиды. 2022-2023 оқу жылына 5 734 студентке яғни 70 пайыз орын мемлекеттік білім беру тапсырысы арқылы бөлінді. Яғни, мемлекеттік білім беру тапсырысы өткен жылмен салыстырғанда 2 518 орынға артып отыр. Бұл тек кәсіптік білім беру бағытына бөлінген грант саны.

– Әңгімеміздің соңын мектепке дейінгі білім беру жайымен түйіндесек. Қазір балабақшаларды лицензиялау тәртібі қайта енгізіліп жатыр. Нақты айтқанда, бұрын жекеменшік балабақшаларға айтарлықтай талап қойыла бермейтін. Соның салдарынан балабақшаларда тәрбиешінің баланы ұруы, бір бүлдіршін екіншісінің денесіне жарақат салуы, жәбір көрсету секілді мәселенің бар екені мемлекеттік деңгейде көтерілді. Тәртіп керек-ақ. Әйтсе де бұл болашақта қайтадан балабақша жетіспеушілігіне әкеліп соқпай ма?

– Балабақшаларды лицензиялау ең бірінші мемлекетке емес, қоғамға қажет екенін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ашық түсіндіріп берді. Мұның астарында балалар қауіпсіздігін сақтау мәселесі жатыр. Бұрын балаларды балабақшамен қамту мәселесі алға қойылса, енді сапа қажет екеніне Мемлекет басшысы кеңінен тоқталды.

Қазір әлеуметтік желіден көзіміз шалып қалып жатыр. Ата-аналардың айтар шағымы көп. Өзім де бала өсіріп отырмын. Мәпелеп отырған баламызды балабақшаға бергенде оның қауіпсіздігіне алаңдамай жұмыс істеуіміз қажет. Екіншіден кәсіпкерлер ұлт болашағы саналатын ұрпақ тәрбиелеп отырғанын сезіну керек. Сондықтан мектепке дейінгі білім беру мекемелері қызметін бақылауға алу өте дұрыс шешім деп санаймын. Бұл балаларды тәрбиелеу мен білім беру сапасына да үлкен оң әсерін тигізеді. Президент тапсырмасы бойынша біздің облыста бұл жүктеме негізінде тиісті деңгейде жұмыстар атқару қолға алынған.

– Әңгімеңізге рахмет!