Жаңаөзен әкімі ереуілге шығатындарға: біз сиқыршы емеспіз

Фото: Жаңаөзен Қаласы Әкімдігі/Facebook

Жаңаөзен әкімі Айбек Қосуақов қаладағы ереуілдердің себебін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Әкімдіктің мәліметіне сәйкес, қазіргі кезде 5 мекемеде еңбек дауы жүріп жатыр. Күні кеше «Өзенмұнайгаздың» мердігер компанияларында жұмыс істейтін жаңаөзендіктер алаңда жиналып, үкімет басшысының келуін талап етті.

Олардың айтуынша, жұмысшылардың құқығы тапталып жатыр, ал жергілікті биліктен пайда жоқ. Адамдарды жұмыстан шығара бастаған.

Қала әкімі Айбек Қосуақовтың сөзінше, қызметкер мен жұмыс беруші арасындағы еңбек даулары белгілі бір тәртіппен жүруге тиіс. Алайда кейбіреулер мәселені ультиматум қою және заңсыз ереуілдер өткізу арқылы шешкісі келеді.

«Өкінішке қарай, арандатушылардың сөзіне ерген кәсіпорын қызметкерлері осыған барып жатады. Бұл жағдайда жұмыс беруші ереуілді заңсыз деп тану үшін сотқа жүгінуге және сот оң шешім қабылдаған жағдайда жұмыстан босатуға дейін шаралар қабылдауға құқылы», — деп жазды Қосуақов әкімдіктің ресми парақшасында.

Оның айтуынша, жұмыс берушілер келіссөз кезінде қызметкерлеріне барлық заңды алға тарта отырып, заңсыз әрекеттер жасамауға шақырған. Алайда түсіндірме жұмыстары нәтиже бермеген. Компания басшылығы ұжымның өзге қызметкерлеріне кедергі келтірген азаматтарды сотқа беріп, жұмыстан шығаруға мәжбүр болған.

«Сот шешімімен жұмыстан шыққан жұмысшылар қала әкімдігінен бұрынғы жұмысына қайтаруды талап етіп келді. Алайда мемлекеттік органдардың жеке компанияларға қандай да бір адамды жұмысқа орналастыру туралы нұсқау беруге құқығы жоқ. Өкінішке қарай, көп жағдайда тараптар конструктивті диалогқа келмей, мәселені заңсыз митингілер мен ереуілдер арқылы шешуге ұмтылады. Бұның соңы жақсылыққа әкелмейді», — деп атап көрсетті әкім.

Осы орайда қала басшысы әлемдегі күрделі экономикалық және геосаяси жағдайды ескеру қажеттігін және ешкім мұнай саласына кезексіз жұмысқа орналаса алмайтынын ерекше атап өтті.

«Өз кезегіңізді сақтай отырып, жұмыспен қамту орталығы ұсынатын 150 000-нан 200 000 мың теңгеге дейінгі жалақысы бар басқа орындарда жұмыс істей аласыздар. Мен өз тарапымнан осы процестің ашықтығы мен әділетті болатынына кепілдік беремін. Заңсыз талаптардың соңы бізді ешқандай жақсылыққа апармайды. Біз сиқыршы емеспіз және мұнай саласында мыңдаған жұмыс орнын қысқа мерзімде аша алмаймыз», — деді Қосуақов.

Оқи отырыңыз: