Кез келген өңір, кез келген елді мекеннің тұрғындары жаппай дене шынықтыру және спортпен шұғылдануды өмірлік мақсат етсе, елдің салауатты өмір сүру салтын ұстануы арқасында халық денсаулығының жақсаруына, адамның өзін-өзі шыдамдылыққа, төзімділікке тәрбиеленуіне, сергек жүруіне тигізер әсері көп. Сол үшін де мемлекет дене шынықтыру және спорт саласын дамытуға айрықша мән беріп келеді. Одан бөлек, мұндай орта арамыздан спортқұмар жастардың көптеп шығуын қамтамасыз ете отырып, әлемдік дүбірлі додаларда ел намысын қорғайтын саңлақтарды дайындайтыны бесенеден белгілі. Мәселен өз алдымызға ел болып, тәуелсіздік алғалы «қазақтың атын алты құрлыққа танытқандар – спортшылар» десек қателеспейміз.
Бүгінде еліміздің әрбір елді мекенінде мемлекет қолдауымен немесе демеушілерді тарту арқылы жоқ дегенде бір-бір шағын футбол алаңы секілді әр түрлі спорт алаңшалары пайдалануға беріліп жатқанын көз көруде. Кейбір ауылдық округтерде жастардың сан түрлі спорт түрімен алаңсыз шұғылдануына мүмкіндік беретін айтулы спорт кешендері пайдалануға беріліп жатыр. Сөзімізге дәлел келтірер болсақ, жақында облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің қатысуымен Талас ауданы, Ақкөл ауылында 150 адамға арналған дене шынықтыру және сауықтыру спорттық кешені ел игілігіне ұсынылды. Оның ашылу салтанатында облыс әкімі көпшіліктің қуанышымен бөлісіп, жүрекжарды лебізін арнаған еді.
– Халқымызда «Спорт – денсаулық кепілі» дейген нақыл сөз бар. Жаңа ғана Үшарал ауылында 45 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория ел игілігіне берілді. Бұл спорт пен денсаулықтың бір-біріне қатысы бар екенін білдіреді. Себебі спортпен шұғылданған адамның денсаулығы мықты болатыны анық. Мемлекет жүргізіп отырған саясаттың бір бағыты адам денсаулығын жақсарту болса, бұл ретте спорт саласының да маңызы айрықша.
Қазіргі таңда дене шынықтыру және спорт саласында спорттық нысандар салу ісі қарқын алғанына үш жылдың жүзі болды. Осы уақыт аралығында үзіліссіз, халық санына қарай қажет деп табылған елді мекендердің барлығын қажетті спорт нысандарымен барынша қамтып келеміз. Бұл шаруа тұрғындар санына қарай қай ауылға қандай спорт нысаны қажет екені жөнінде арнайы жасалған жоспар аясында жүзеге асырылып келеді. Соның арқасында жұртшылықтың спортпен шұғылдануы, спорт нысанына мұқтаждық мәселесі кезең-кезеңімен шешімін табуда. Мәселен биылдың өзінде Әулиеата өңірінде 11 спорт кешені пайдалануға беріліп отыр. Бұл мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкіметтің атқарып жатқан жұмыстарының, жүргізіп жатқан саясатының айқын көрінісі. Мақсатымыз – жастардың бос уақытын тиімді пайдалануына, олардың дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысыуына жағдай жасау. Өйткені жастарға, мектеп оқушыларына мемлекет білім, тәрбие берумен қатар, олардың өнерге бейім болып өсуін, дені сау ұрпақ ретінде қалыптасуын көздейді.
Бүгінде облыста 250 мыңнан астам оқушы бар болса, оның 70 пайыздан астамы түрлі спорттық секциялармен қамтылған. Қазір оқушылардың спортпен шұғылдануын 100 пайызға жеткізу үшін қолдан келген мүмкіндікті жасап жатырмыз, – деді Нұржан Молдиярұлы.
Аталған ғимараттың құрылысын жүргізу «Әл Мансұр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне міндеттелген екен. Осы мердігер компания ғимаратты 336,2 миллион теңгеге тұрғызып, іші-сыртын заманауи келбетте әрлеп берген. Кешеннен әзірге шағын футбол, күрес, үстел теннисі, дзюдо іспетті бірнеше спорттық секциялар ашылыпты.
Талас ауданы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Шыңғыс Рысбек ауданда дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар қатары биыл 37 пайызға жеткенін айтып отыр. Сонымен қатар дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданатын 14 жастан 29 жасқа дейінгі жастар саны 47,6 пайызды құрапты.
– Аудан көлемінде 6 спорт мекемесі жұмыс атқаруда. Оның ішінде 4-еуі балалар жасөспірімдер спорт мектебі. Оның 2-еуі аудан орталығы – Қаратау қаласында, 2-еуі Ақкөл, Бостандық ауылдарында. Аудандағы жастар, оқушылар, барлық балалар және жасөспірімдер спорт мектептері арқылы спорттың 16 түрімен айналысуда. Оның ішінде 9-ы олимпиадалық, 5-еуі олимпиадалық емес және 2 ұлттық спорт түрі бар.
Таласта жалпы 223 спорт нысаны бар. Оның 1-еуі стадион, 2-еуі спорт кешені, 36-сы спорт зал, 82-сі футбол алаңы, 92-сі спорт алаңшасы. 1 ату тирі және 9 икемделген спортзал және бар.
Осы жылы аудан тұрғындарының, оның ішінде жастардың бұқаралық спортпен шұғылдануы үшін спорт нысандарына қол жетімділігін арттыру мақсаттында аудан бойынша 221 спорт нысаны анықталды. Аталған нысандарда тұрғындардың спортпен шұғылданудың арнайы кестесі жасалып, есепті мерзімде аудан бойынша әртүрлі республикалық, облыстық, аудандық, ауылдық деңгейде жалпы 167 спорттық іс-шара өткізілсе, оған 13 мыңнан астам адам тартылды.
Негізінде бұл нысан былтырғы жылдан өтпелі. Нақты айтқанда, былтыр шілде айында «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында жалпы құны 336 миллион 217 мың теңгеге осы Ақкөл ауылында дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылысы жұмыстары басталған болатын. Осылайша республикалық бюджеттен 147 миллион 561 мың теңге, облыстық бюджеттен 16 миллион 396 мың теңге бөлініп жұмыс толық игерілді. Осы жылы нысан құрылысын аяқтауға республикалық бюджеттен 137 миллион 954 мың теңге, облыстық бюджеттен 15 миллион 528 мың теңге бөлініп нысан пайдалануға берілді, – деді Ш.Рысбек.
Ақкөл ауылдық округі әкімі Жандос Татовтың айтуынша, мұндағы тұрғындар саны 2 049 адам. Соның ішінде 86 жас спортпен тұрақты айналысады екен. Осы спорт кешенінен бөлек ауылда 4 спорт залы, 5 футбол алаңы, 2 спорт алаңшасы бар көрінеді. Бұған дейін спортшылар график бойынша әр мекемеде дайындалып келсе, енді олар кез келген уақытта атаған кешенде спортпен шұғылдана алады. Жастардан бөлек, ақкөлдіктер арасында спорттың волейбол, күрес, футбол түрімен айналысатын жасы үлкендер де бар екен.