Жамбылда «Қымызмұрындық-2022» этно-фестивалі өтті

Фото: gov.kz

Кеңестік дәуір, одан бері ғаламдық жаһандануға әдеп-ғұрпымыз жұтылып, жастар тұрмақ орта буынның өзі көптеген салт-дәстүрімізді ұмытуға шақ қалды. Ел тәуелсіздік алғалы бері халқымыздың ұлттық және рухани құндылықтары қайта жаңғыртылып, жаңаша сипат алып, кең көлемде дәріптеле бастады. Сондай ұмыт бола жаздаған ерекше мейрамдарының бірі – қымызмұрындық.

Қымызмұрындық дегеніміз – қытымыр қыстан жүдеп-жадап шыққан көшпенді халқымыздың жазғытұрым жайлауға шығып жадырап, сағынған сүйікті сусынын, бүкіл халық болып ішіп атап өтетін қымыз тойы, үлкен мереке! Бұрындары сипаты жағынан Наурыз мерекесі мен Құрбан айттан да кем түспейтін.

Қазақ жерінде қымызмұрындық мейрамы әржерде әртүрлі аталады. Мысалы Жетісу мен Батыс Қазақстанда қымызмұрындық, Сарыарқада биемұрындық деп аталса, көрші жатқан Шыңжаңда — биебау, ал Моңғолияда бие байлар деп атайды. Бірақ бәрінің мағынасы да, мәні де бір.

Жамбыл облысында да бірнеше жылдан бері «Қымызмұрындық» фестивалі дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Биыл Талас ауданында облыстық «Қымызмұрындық-2022» этно-фестивалі өтті, деп жазады MediaWorld.kz.

Фото: gov.kz

Қарт Қаратау бөктерінде ұйымдастырылған игі шараға облыс әкімі Нұржан Нұржігітов, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Журналистер одағының мүшесі Сәуле Мешітбаева және барлық ауданнан келген жүзге тарта ардагер, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Этно-фестивалге келген құрметті қонақтарды әжелер қазақы қонақжайлық пейілмен шашу шашып қарсы алып, ыстық бауырсақ пен қымыздан дәм татқызды. Меймандар ұлттық нақышта безендірілген киіз үйлерге жайғастырылды. Дастарқан төріне отырған қонақтарға құрмет көрсетіліп, ұлттық тағамдар: бауырсақ, құрт, ірімшік, шұбат пен қымыз ұсынылды.

Қымыз әзірлеушілер қымызды баптау барысындағы тәжірибелерімен бөліссе, қолөнер шеберлері көрме ұйымдастырды. Мұнан кейін игі шара спорттық жарыспен жалғасып, өлке өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.

Жамбыл облысының Құрметті азаматы, қоғам қайраткері Сәуле Мешітбайқызы шараның маңыздылығына тоқталып, қазақтың ұлттық сусыны жайлы ойларымен бөлісті. Сөз соңында ұйымдастырушыларға шынайы ризашылығын білдіріп, аналық ақ батасын берді.

Жиналған қауым ұлттық құндылықтарымызды құрметтеу, соның ішінде қымызды – ұлттық брендке айналдыру, оны кең көлемде насихаттау қажеттігін атап өтті. Ол үшін елімізде қымызмұрындық мейрамын тойлауды жалпыхалықтық сипатқа айналдыру керектігі айтылып, түрлі ұсыныс-пікірлер ортаға салынды.

Оқи отырыңыз: