Әулиеата өңірінде сан салада жүзеге асырылып жатқан жобалар жетерлік. Түптеп келгенде бұл халық үшін жасалып жатқан игі іс. Мәселен Жамбыл облысы еліміздің оңтүстік өңірінде орналасқандықтан, мұнда ағын су мәселесі өте өзекті. Бар судың өзі шалғайдағы шаруаға жеткенше жерге сіңу немесе булану арқылы азая түсетіні белгілі. Ал айыр қалпақты ағайында ағын суды бізге қарай аз тастаса мәселе тіпті күрделене түседі. Климаты да континенталды бұл аймақта жағдай осындай. Сол себепті жерге жасанды суландыру жүйесін қолдану аймақ үшін үлкен мағызға ие бастама, деп жазады MediaWorld.kz ақпараттық порталының тілшісі.
Аймақта су шаруашлығы жүйелерін қалпына келтіру мақсатында аудандарда арнайы «Жол картасы» әзірленуінің мәні осында жатыр. Жоба жамбылдықтардың мәселесін қалай шешпек? Біз осы жағын да зерделеп көрген едік.
«Қазсушар» тарапынан 183 нысанды ИДЖЖЖ-3 бағдарламасына енгізу жоспарланған. Сонымен қатар облыс әкімдігі тарапынан бағдарламаға қосымша 122 нысанды енгізу көзделген. Нәтижесінде оның 305-і жөндеуден өтіп, 85 мың гектар суармалы алқаптың мелиоративтік жағдайы жақсарады деген болжам бар. Тіпті ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігі де 2 есеге ұлғайып, өндірілген өнім құны жыл сайын 33,8 миллиард теңгеге жетеді деп күтілуде. «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Жамбыл облысы бойынша филиалының директоры Қазыбек Бедебаев бағдарламаға ұсынылып отырған 183 нысанның 123-і республикалық меншікте, 58-і коммуналдық және 2-еуі жекеменшік теңгерімінде екенін айтады.
– Бүгінгі күні республикалық меншіктегі 123 нысанның 115-і коммуналдық меншікке берілуде. Қазір су ресурстары комитетінің келісімі алынып, Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің келісімін алу ісі қалып отыр. Айта кететін бір мәселе, Мойынқұм ауданындағы жекеменшіктегі 2 нысанды коммуналдық меншікке беру мәселесін де шешпесек болмайды. Өйткені оны иелері күл-қоқыстан, қамыстан тазартпайды. Осы күнге дейін табаны бір мәрте қырылып-тазаланбаған каналмен су жүру қиындап кетті. Алда жоба қолдау тауып, қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген жағдайда 1 240 шақырым болатын 183 нысан қалпына келтіріледі. Ал одан қалды 63,3 мың гектар суармалы жердің мелиоративтік жағдайы жақсарып, 31,3 мың гектар жердің сумен қамтасыз ету деңгейі артады деп күтілуде. Нәтижесінде күні бүгінге дейін қолданыстан шыққан 31,9 мың гектар жер қайта айналымға енеді.
Шу ауданы аумағында бағдарламаға сәйкес 3 каналда орналасқан 80 нысан қалпына келтіріледі. Тағы 505,4 шақырым суландыру жүйесі жөнделеді. Нәтижесінде 11 мың 61 гектар суармалы жер қайта қолданысқа берілмек. Бүгінгі күнге коммуналдық меншікке берілген 35 нысанға облыс басшылығы тарапынан жұмыс жобасы әзірленген. Тек мемлекеттік сараптаманың қорытындысын күтіп отырмыз, – деді Қ.Бедебаев.
Осы тектас жобалар тағы да бірқатар ауданда жүзеге асып жатыр екен. Мәселен Мойынқұм ауданында бағдарламаға сәйкес Шу өзені бойындағы 12 нысан қалпына келтіріліп, жалпы көлемі 237,5 шақырымды құрайтын суландыру жүйесі жөнге келтіріледі. Нәтижесінде тағы бір ауданнан 6 320 гектар суармалы жерге ие болып отырған дихандар тіршілік нәрінен таршылық көрмейітн сыңайлы.
Жобаның бірі Сарысу ауданы аумағын да қамтып отыр. Бағдарламаға сәйкес Шабақты және Бүркітті өзені бойындағы 16 нысан жөнделіп, 93,4 шақырым суландыру жүйесі кедергісіз іске қосылады. Аталмыш ауданның да 629 гектар суармалы жері қайта айналымға енгізілмек.
Бұл ретте Т.Рысқұлов ауданы да назардан тыс қалмақ емес. Ел аумағында бағдарламаға сәйкес 34 нысан, оның ішінде 15 канал мен 19 ұңғыманы қалпына келтіру көзделіпті. Мұнда 155,7 шақырым суландыру жүйесі жөнделеді де, елге 4 670 шақырым суармалы жер қайта айналымға қосылады.
Ал Таластықтардан бағдарламаға сәйкес Талас, Аса, Көктал және Тамды өзендері бойында орналасқан 41 нысан жөндеуден өтеді. Ондағы ұзындығы 244,8 шақырым су жүйесі жаңғыртылады. Нәтижесінде 9 317 гектар суармалы жер қайта айналымға енеді.
Енді жоспарланған жұмыс толық іске асқан жағдайда жалпы ұзындығы 1 240 шақырымды құрайтын суландыру жүйесі ағын суды шаруаларға әп-сәтте жеткізбек. Тіпті, мұндағы 31,3 мың гектар жердің сумен қамтасыз ету деңгейі артып, 31,9 мың гектар жердің қайта айналымға енуі әулиеаталықтар үшін үлкен жаңалық болып отыр. Суару жүйелерінің пайдалылығы ұлғаяды да, су шығыны 2 есеге азаяды. Бұл тіршілік көзінің тапшылық заманында үлкен олжа. Ал нәтижесінде неше жылдан бері су көрмей аңқасы кепкен алқаптар ылғалданып, бар шаруаның әлеуметтік жағдайы мен тұрмысы жақсарады. Жалпы 6 300-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Елге азық болып келе жатқан ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігі 2 есеге ұлғайып, өнім жыл сайын 25,3 миллиард теңгені құрайды. Енді қағазқа түскен жоспар қолдау тапса, ел игілігіне біраз дүние жасалар еді. Халықтың әлеуметтік жағдайы артса, көп түйінді мәселе шешіледі.