Табиғи ресурсқа бай елдер «Бізде қазба байлықтың кез келген түрі жетеді» деп арқаны кеңге салып жүргенде әлем өзгеше қарқынмен дамып кеткені баршаға мәлім. Тіпті, бір түйір қазба байлығы жоқ шағын мемлекеттердің өзі білім мен ғылымның, технологияның жетістігі арқасында өз технократтары ойлап тапқан көптеген жаңалықтарды өндіріске жан таласа енгізіп, өркенит шыңын бағындыруға ұмтыла түсті.
Дамыған елдер заманауи әрі жаңа үлгідегі сан түрлі тұрмыстық техникалар мен автомобильден бастап медициналық құрылғыға дейін ойлап тауып, соның арқасында экономикасын қарқынды дамыта алды. Бұл тұрғыда қазақ елі де өркениет көшінен қалыс қалмауы үшін кез келген салаға жаңашылдықтарды біртіндеп енгізе бастады. Мәселен біздің еліміз әлі күнге электр энергиясын өндіру үшін мұнай, көмір, мазут секілді қазба байлықтарға тәуелді болып отыр. Күндердің күнінде табиғи байлық түгесілсе күніміз не болмақ? Осыны ойлаған ел азаматтыры экологияға қауіп төндірмейтіндей, баламалы жолмен қуат көзін өндіру ісін жүйеге енгізді. Соның арқасында бүгінде Жамбыл облысында «Жасыл энергияны» дамытуға баса көңіл бөлінуде. Мәселен республика көлемінде бұл бағытта тоқсанға жуық жаңа жоба енгізілсе, соның 18-і Жамбыл облысына тиесілі екен.
– Өңірде жүзеге асып жатқан жобалардың жиынтық қуатының 24,4 мегаваты су электр стансасы, 162,15 мегаваты, жел электр стансасы, 251,25 мегаваты күн электр стансасына тиесілі. Осы күн, жел, су көздерінен қуат өндіретін станса санына келсек, оның әрқайсысы бойынша алдағы уақытта алты-алтыдан 18 станса іске қосылмақ.
Ал дәл қазір жұмыс істеп тұрған нысандарға келсек, олардың саны – 141. Ал қуаттылығы – 2 330 МВт. Осы ретте біз өзге өңірлерге қарағанда баламалы қуат көздерін өндіруде көш бастап тұрғанымызды айтуға болады. Былтыр өңірде жүзеге асқан жобаның бірі Сарысу ауданына тиесілі. Онда құны 49 миллиард теңге болатын 100 мегаваттық «Жаңатас жел электр» стансасы іске қосылған еді. Одан кейін Шу ауданындағы Тасөткел су қоймасындағы қуаты 9,2 мегаватттық су электр стансасының екінші кезеңі қолданысқа енді, – дейді облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаев.
Бүгінде облыста әр сағатта 2 243,7 миллион киловат электр энергиясы өндірілсе, оның 1 749,1 миллион кВт/сағат электр энергиясы дәстүрлі энергия көздерінен, 494,6 миллион кВт/сағат электр қуаты жасыл энергия көздерінен алынып отыр екен. Ал ел бойынша өндірілетін 2 330 мегаваттық жиынтық қуаттың 20 пайыздан астамы Әулиеата өңірінде өндірілетін көрінеді. Мұны облыстың «Жасыл экономиканы» дамытудағы әлеуетінің айқын көрсеткіші десек қателеспейміз. Көктемнің ортасында Жамбыл ауданында жалпы қуаты 50 мегаватты құрайтын «AEC ASA» күн электр стансасы іске қосылыпты. Осындай жаңашылдықтан Талас ауданы да кенде емес.
– Қазір талас ауданында қуаты 13,5 мегаватты құрайтын 3 жел электр стансасының құрылыс жобалары іске асырылып жатыр. Олардың барлығы да желдің өтінде орналасқан. Мәселен қуаты 4,5 мегават «Шеңгелді ЖЭС» және әрқайсысы тура осындай қуатқа ие «Шеңгелді ЖЭС-2» мен «Новатэкс ЖЭС» нысандарының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Бұл нысандардың құрылыс жұмыстары жыл аяғына дейін бітеді. Сол кезде жалпы қуаты 451,3 мегаватты құрайтын жаңа жоба іске асқанының куәсі боламыз, – деді Талас ауданы əкімдігі кəсіпкерлік, өнеркəсіп жəне туризм бөлімінің басшысы Ауданбек Тауасаров.
Құм қойнауында орналасқан Мойынқұм ауданында да «Total Eren» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 1 000 мегаватты құрайтын жел электр стансасын салуды жоспарлапты. Қазіргі таңда бұл жоба аясында инвесторлармен келіссөздер жүргізіліп жатқан сыңайлы. Жуалы ауданында 18 мегаватты құрайтын шағын су электр стансасын салу қолға алыныпты. Жоба құны 5 миллиард теңгені құрайды. Оның құрылыс жұмыстары осы жылы аяқталмақ. Инвесторы – «ҚазГидроОперейтинг» ЖШС. Бұл жоба «Көксай» шатқалында жүзеге асып жатса, тура осындай қуаттағы энергияны «Ақсай» каналының бойынан өндіру үшін арнайы станса салу көзделген екен. Оның инвесторы – «Аксайская ГЭС АянКо» ЖШС. Ол жобаның жалпы құны 21 миллион АҚШ долларын құрайды. Осы аудандағы бұрыннан бар 50 МВт «Burnoe Solar-1» және «Burnoe Solar-2» ЖШС-ның күн электр стансалары Орталық Азиядағы ең ірі нысан көрінеді.

Қордай ауданында бұрыннан «Виста-Интернешнл» серіктестігі қуаттылығы 21 мегаватты құрайтын, құны 6 миллиард 362 миллион теңгенің жобасы іске қосса, ал «Ветро Инвест» ЖШС қуаттылығы 53,75 мегаваттық, құны 12 миллиард 8 миллион теңгеге татитын жобаны жүзеге асырған. Бұл жоба Индустрияландыру картасы және «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламалары арқылы жүзеге асыпты. Онда немістер өндірген 40 энергетикалық қондырғы бар көрінеді. Сол арқылы жылына 50 миллион киловат сағатқа дейін электр қуатын өндіру күтілуде. Оның әрқайсысының салмағы 180 тонна шықса, биіктігі 60 метрге жетеді екен. Бұдан бөлек, «Отар» күн электр стансасының да облысымызда алар орны айрықша мәнге ие. «Отар» күн электр стансасының белгіленген қуаттылығы – 7 мВт. Аталған жоба «ҚазЭкоВатт» ЖШС өз қалтасынан шығарған инвестициялық қаржы есебінен салыныпты.
Т.Рысқұлов ауданының «Қарақыстақ» су электр стансасының да облысымыз үшін маңызы ауқымды. Қуаты 2,3 мВт-ты құрайтын су электр стансасы жобасының инвесторы – «ЭнергоСтройПроект» ЖШС. Бұл су электр стансасында қазір 12 адам жұмыс істеп жүр. Сол секілді Меркі ауданындағы қуаттылығы 1,5 мегаваттық «Меркі-3» шағын су электрстансасы да «Жасыл энергия» ісін өрге сүйреуде сүбелі үлесқосып отырған баламалы қуат көзі.
Әулиеата өңірінде 2030 жылға дейін жаңартылатын энергия көздерінің саны 1,2 гигаватт қуатымен 32 нысанға дейін жеткізіледі деген болжам бар. қазірдің өзінде облыста күн инсоляциясының көрсеткіші 1 500-1 600 кВт/сағатқа дейін жеткен.