Жеңілдетілген автокредит: өндірушілер көлік бағасын өсірмеуге уәде берді

Фото pixabay.com сайтынан алынды

«Қазақстандық автобизнес қауымдастығы» ЗТБ техникалық реттеу жөніндегі директоры Ербол Сейпілов автосалондар жеңілдетілген автокредиттің басталуына байланысты көлік бағасын көтермейтінін сендірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Нұр-Сұлтанда өткен брифинг кезінде журналистер жеңілдетілген автокредиттен кейін сұраныстың өсуі көліктің қымбаттауына әкеп соқпай ма деп сұрады.

«Автокөліктер бар. Бағдарламаға қатыса алатын автосалондар – жалпы нарықтың 20%-і. Көлік бағасын өсіру дұрыс емес деп санаймыз және автосалондар бұған бармайды деп сенеміз», — деді Ербол Сейпілов.

Қазақстандық автобизнес қауымдастығының өкілі Анар Мақашева қазір автосалондарда көлік бар екенін нақтылады.

Айтуынша, былтыр екі өндіруші – Hyundai Trans Kazakhstan және «Сарыарқа Автопром» барлығы 90 мыңға тарта көлік құрастырған.

«Биыл өндіріс көлемі 20%-ке өседі деген болжам бар. Жыл соңына дейін Қазақстанның барлық автосалонында бүкіл қалада автокөлік болады деп болжап отырмыз. Қазір әр автоөндіруші электронды кезек құрды. Біздің тұтынушылар автосалонға келіп, өзіне көлік таңдай алады», — деді ол.

Айта кетері, жеңілдетілген автонесие тек Қазақстан азаматтарына ғана беріледі.

Оқи отырыңыз: