Жол жөндеудің жөні табылды

КСРО дәуірі тарқағаннан кейін, ауыл көшелері тұрмақ Кеңес үкіметінен қалған облыстық, аудандық мәндегі ойдым-ойдым жолдарды жөндеуге жас мемлекетіміздің мұндаға дейін мүмкіндігі болмай келген. Осы күнге дейін ауыл мен ауылды, ауылмен қаланы жалғайтын қотыр жолдан зәрезап болғанын мәселеге арқау етіп келген көптің бірі Жамбыл облысы Байзақ ауданының тұрғындары еді. Биыл жыл соңына дейін осы ауданға қарасты бірнеше ауылда жағымды жаңалық болғалы тұр. Ең бастысы, байзақтық кейбір елді мекен тұрғындарының тақтайдай тегіс көшелермен қауышатын күні алыс емес.

Байзақтықтар бірнеше жылдан бері ауылішілік жолдардың жай-күйін айтып та, жазып та келді. Тіптен, бірнеше жылдан бері жазда шаңға, көктемде батпаққа батқан тұрғындардың соңғы уақыттары осы түйіткіл тарқатылады деген сенімдеріне селкеу түскен болатын. Алайда биыл көптің тілеуі қабыл болып, бұрын соңды мүлдем жөндеу көрмеген ауылішілік көшелер тақтайдай тегіс кейіпке енуде. Аталған ауылдардың қатарында – Байзақ ауылы да бар. Төрт мыңға жуық түтін шоғырланған бұл ауылдағы ағайын бөркін аспанға лақтырмақ.

Құрылысқа қазір «Рауан» атты мердігер компания тартылған. Ол іске 10 техника 40 жұмысшы жұмылдырыпты. Көптің айтуынша, жұмыстардың 70 пайызы аяқталған. Жуырда су жаңа, асфальтталған бірнеше көше пайдалануға берілетінін аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жарқынбек Шоғалов айтып отыр.

– Аудан бойынша «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 1 миллиард теңгеден аса қаржы бөлініп, қолдау көрсетілген. Оған Сарыкемер, Ботамойнақ, Мырзатай, Сеңкібай, Дихан 2, Абай, Көктал жалпы 6 ауылдық округте жолдар орта жөндеуден өтіп, осы жылдың аяғына дейін толыққанды аяқталады, — дейді Жарқынбек Шоғалов.

Иә, жақсылықтың ерте-кеші жоқ. Ендігі ел тілегі орындалды деген осы болса керек. Дәл осындай қарбалас ауданға қарасты Дихан ауылында да жүргізілуде. Мүлде тегіс жолды көрмеген дихандықтар 42 жылдан соң қолға алынған тірлікке ризашылықтарын білдіруде. Ең бастысы олар балалары шалшық су кешпей, көліктері шұңқырға түспей діттеген жеріне тегіс жолмен барып-келетініне қуанышты.

– Дихан ауылының тұрғынымын. Мұнда тұрып жатқаныма 42 жыл болды. Көшелердің жаңғыртылуы өте көңілімізді қуанышқа кенелтіп отыр. Үлкендерге де, мектепке барып-келетін бала-шағамызға да жақсы болды. Бұрын ой-шұқыры көп жолдан көлігімізге зиян келетін. Енді бұл мәселе шешілді. Бұған дейін көшенің басынан үйге дейін әрең жүріп келетін едік, енді міне, су жаңа жол арқылы қашықтық қысқарып отыр. Осындай жағдай жасап жатқан мемлекетке, облыс, аудан басшыларына рахмет! – дейді Дихан ауылының тұрғыны Гүлжайна Шәкірбаева.

Жалпы Байзақ ауданында 56 шақырымды құрайтын, 53 көшеде күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Жалпы бюджеттен 1 миллиардқа жуық қаржы бөлінген. «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында мұнда тағы 6 ауыл жолдары жаңармақ. Соның нәтижесінде жыл соңына дейін маңызы бар автокөлік жолдарының жақсы болуы 96, ауылішілік жолдардың жағдайы 93 пайызға жетеді деп күтілуде. Осы ретте ауданның маңызды деген тағы 17 жолы жаңармақ.

Бұл аудандағы ілкімді істердің бір ғана парасы. Себебі өңірде автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерінің жалпы ұзындығы 10 038 шақырымды құрайды. Биыл жолдарды жаңғыртуға 16,2 миллиард теңге қарастырылған (оның ішінде 8,3 млрд теңгесі республикалық бюджеттен). Жол жөндеу бойынша барлығы 252 жоба жоспарланыпты. Ол жұмыстар «Нұрлы жол», «Ауыл – Ел бесігі», «Өңірлерді дамыту-2025» мемлекеттік бағдарламалары мен жергілікті бюджеттер шеңберінде жүзеге аспақ. Сондай-ақ 1,2 миллиард теңгесі 2021 жылдан өтпелі 7 орта жөндеу нысандарын (54,3 шақырым) аяқтауға бағытталса, 2,6 миллиард теңгеге жаңа 7 нысанда (95 шақырым) облыстық маңызы бар жолдарды орта жөндеу, 650 миллион теңгеге жолдарды күтіп ұстау және әзірлеу жұмыстары атқарылатын болады. Сондай-ақ, 50 миллион теңге «Жол активтерінің Сапа орталығы» жасайтын зертханалық сараптамаларға жұмсалмақ.