Жол жөндеушілердің сапасыз жұмыстарына тоқтау салатын кез келді — Нұржан Нұржігітов

Фото: gov.kz

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен жиында облыс әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жәнібеков атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлары туралы, сондай-ақ саладағы қордаланған мәселелерді жік-жігімен баяндады, деп хабарлайды MediaWorld.kz.

Облыс аумағындағы автокөлік жолдары мен елді мекен көшелерінің жалпы ұзындығы 10 038 шақырымды құрайды. Биыл аймақтағы автожолдарды орта жөндеуге және қайта жаңғыртуға 16,2 миллиард теңге қаралып отыр. Бұл қаржыға облыс орталығындағы 9,4 шақырым жолды қайта жаңғырту және жалпы 605,2 шақырымды құрайтын облыстық, аудандық маңызы бар жолдар мен елді мекен көшелерін орташа жөндеуден өткізу жоспарлануда.

– Өңірдегі республикалық маңызы бар автожолдар – 1237, облыстық маңызы бар жолдар – 1756 шақырымды құрайды. Сол секілді аудандық маңызы бар жолдардың ұзындығы – 1 383 шақырым болса, елді мекендердегі жолдардың үлесі – 5 662 шақырым. Биыл облыстағы автожолдарды орта жөндеуге және қайта жаңғыртуға 16,2 миллиард теңге қаралып отыр. Оның ішінде 8,3 миллиард теңге республикалық бюджеттен, 4,4 миллиард теңге облыстық бюджеттен және 3,5 миллиард теңге аудан және қала әкімдігінің қазынасынан қарастырылып отыр. Мұның ішінде автожолдар «Нұрлы жол», «Ауыл – ел бесігі», «Өңірлерді дамыту – 2025» және жергілікті бюджет есебінен жөндеуден өтпек. Негізі басқарма тарапынан 12 миллиард теңге шеңберінде жүзеге асатын жоба әзірледік. Бірақ олардың басым көпшілігі республикадан қаржыландыруды күтіп отыр. Жалпы облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды жыл соңына дейін 97 пайызға жеткізуді көздеп отырмыз. Республикалық және облыстық бюджеттерге қарамай, аудандық маңызы бар жолдарды жөндеуге аудандық бюджеттен де қаржы бөлу мәселесін қарастыру қажет, – деді басқарма басшысы Бақытжан Жәнібеков.

Басқарма басшысының баяндамасын тыңдаған Нұржан Нұржігітов автомобиль жолдарын жөндеуді бірінші облыс орталығынан бастаудың маңыздылығын айтып, аудан жетекшілеріне аудандық бюджеттен қаржы қарауды ұсынды.

– Жол сапасына келгенде әуелі Тараз қаласына көңіл бөлу керек. Сонымен қатар дәл қазір жолдардың сапасы көңіл көншітпейтін күйде. Сондықтан бюджеттен қаржы қаралғанда «Жол активтерінің сапа орталығы» мекемесімен келісімшарт жасауды үзбеу қажет. Жаңадан салынған жолдардың жылға жетпей бүлінуіне жол бермейік, – деді облыс әкімі.

Бақытжан Жәнібеков жергілікті маңызы бар жолдардың бүлінуіне әкеп соғатын мәселелерді де жайып салды. Оның айтуынша, кейбір тегіс жолдардың жылға жетпей бүлінуіне ауыр жүк көліктерінің жиі өтуі кедергі болған.

— Өкінішке қарай, бір жолды жөндегеннен кейін келесі жылы сол бөлікті тағы да жаңалауға тура келіп жатады. Бұл жол жөндеушілерінің сапасыз жұмыстарының көрінісі. Мұндай тәжірибені тоқтататын кез келді, — деді аймақ басшысы.

Жиында қала көшелеріне «Сергек» камераларын орнату және қоғамдық көлік саласына қатысты мәселелер де қаралды.

Жақын күндері Полиция департаменті «Сергек» камераларын орнататын аймақтарды қайта нақтылап, жоспарын әзірлейді.

Жамбыл облысында 165 автобус маршруттары ұйымдастырылған, оның 19-ы облысаралық, 25-і ауданаралық, 75-і ауданішілік және ауылішілік, 42-сі қалалық бағыттар. Бұл бағыттарда бас-аяғы 1004 автобус қызмет көрсетеді.

Аймақтағы 57 әлеуметтік маңызы бар маршруттарға қызмет көрсетуге қазынадан 782 миллион теңге де қарастырылып отыр.

– Облыс халқының басым бөлігі шоғырланған Тараз қаласындағы автопарктер 2025 жылға дейін жыл сайын 50 жаңа автобус сатып алуды қарастырып отыр. Бұл жұмыстарды жеделдетіп, алдағы бір-екі жылда автопарктерді барынша жаңарту керек. Сондай-ақ жолаушыларға қызмет көрсету пункттерінің мәселелерін жедел шешу, талаптар мен стандарттарға сәйкестендіру қажет. Бұдан бөлек, бізге жаңа әуе бағыттарын ашуға тырысу керек, – деді облыс әкімі.

Оқи отырыңыз: