Олимпиадаға іріктеу турнирінде боксшымыз Махмұд Сабырхан қарсыласын айқын басымдықпен жеңді

1828
Махмұд Сабырхан. Фото: instagram.com/qaz_olympics

Бусто Арсицио қаласында (Италия) өтіп жатқан бокстан әлемдік лицензиялық турнирде қазақстандық боксшы Махмұд Сабырхан қарсыласын айқын басымдықпен ұтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Қазақстан бокс федерациясының Instagram-дағы ресми парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.

57 келі салмақта сынға түсетін Махмұд Сабырхан турнирдегі алғашқы жекпе-жегін Эфиопия өкілі Лета Фикремариам Ядесаға қарсы өткізді. Бұл бәсекеде төрешілердің шешімімен (5:0) қазақстандық боксшы жеңіске жетті. Енді Махмұд 8 наурызда 22 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Азия чемпионатының күміс жүлдегері Саравут Сукзетпен (Таиланд) жұдырықтасады.

Айта кетейік, бүгін, 4 наурызда тағы бір қазақстандық боксшы Нұрбек Оралбай (80 кг) да шаршы алаңға шығады. Оның қарсыласы – гаитилік былғары қолғап шебері Седрик Белони-Дюльепре.

Осыған дейін Сәкен Бибосынов лицензиялық турнирдегі алғашқы жекпе-жегін өткізген еді. Ол гонконгтық боксшы Каннет Чун Хим Танмен кездесіп, қарсыласын бірнеше рет нокдаунға жіберу арқылы жеңіске жетті. Сондай-ақ бокстан Қазақстан әйелдер құрамасының өкілі Римма Волосенко да жарыстың бірінші айналымын сәтті өткізіп, келесі кезеңге өтті. Ол Тринидад және Тобаго елінің өкілі Тианна Гуимен кездесіп, төрешілердің шешімімен басым түскен еді.

Автор: Асылан Маханов